Отыз екі миллиард теңге айыппұл: мұнай компанияларын тексеруге кедергі болған бап жойылады

Автор: Аягөз Құрмаш

Қазір жоспардан тыс тексеру кезінде прокуратурада тіркеу процедурасына уақыт кетеді

Фото: Azattyq Ruhy, Әбілқасым Есентаев

Мәжіліс депутаты Абзал Құспан экологиялық заң жобасын талқылау кезінде мұнай компанияларын тексеруге қатысты заңнамалық қайшылық мәселесін қозғады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy

Депутаттың айтуынша, 2015 жылы қабылданған Кәсіпкерлік кодексіндегі тексеру туралы бір ай бұрын ескерту нормасы экологиялық құқық бұзушылықтарды дер кезінде анықтауға кедергі келтіріп отыр.

Құспан әсіресе батыс өңірлеріндегі мұнай қалдықтарына қатысты жағдайларды мысалға келтірді.

«Маңғыстауда Каспийге мұнай қалдықтарын төккені үшін 32 миллиард теңге айыппұл салынған болатын. Бірінші инстанция мен апелляция шешімді заңды деп таныды. Бірақ Жоғарғы сот «бір ай бұрын ескертілмеген» деген процедуралық негізбен барлық шешімді бұзып тастады. Мұндай жағдай соңғы он жылда тұрақты түрде қайталанып келеді», - деді депутат.

Сондай-ақ ол Экологиялық және кәсіпкерлік кодекстері арасындағы қайшылықты жою мәселесі заң жобасында қалай шешілгенін сұрады.

Заң жобасының авторы, Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Еділ Жаңбыршин бұл мәселе тек мұнай-газ саласына ғана емес, бірінші және екінші санаттағы барлық қауіпті нысандарға қатысты екенін айтты.

«Экологиялық бақылау-қадағалау мәселесін біз кәсіпкерлік кодекстен алып, салалық Экологиялық кодекске көшірдік. Қазір жоспардан тыс тексеру кезінде прокуратурада тіркеу процедурасына уақыт кетеді. Сол аралықта компаниялар заңбұзушылық іздерін жасырып үлгеруі мүмкін», - деді Жаңбыршин.

Оның сөзінше, кей жағдайда улы заттар желмен тарап кетіп, құқықбұзушылық фактісін дәлелдеу қиындайды.

Депутат қазіргі кезде үкіметпен бірлесіп тиісті түзетулер бойынша жұмыс жүріп жатқанын айтты.

«Біз бірнеше депутат болып осы норманы енгіздік. Қазір Үкіметпен жұмыс жүргізіліп жатыр. Түсіністік бар. Екінші оқылымға дейін бұл мәселеге нақты нүкте қойылады», - деді ол.