Павлодардағы ұшақ апатынан аман қалған азаматтың жағдайы белгілі болды

Автор: Дәулет Ботагөз

28 жастағы ұшқышқа қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр

Фото: © istockphoto.com

Павлодар облысы Железинка ауылының маңында болған Ан-2 жеңіл ұшағының апатынан аман қалған екінші ұшқыштың жағдайы туралы жаңа мәліметтер жарияланды. Апаттан зардап шеккен азамат облыс орталығындағы ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Павлодар өңірінің Денсаулық сақтау басқармасы зардап шегушінің қазіргі жағдайына қатысты ресми мәлімдеме жасады.

«1998 жылы туған ер азамат Павлодар қаласының №1 қалалық ауруханасының жансақтау және қарқынды терапия бөліміне түсті. Оған көпжарақат диагнозы қойылды», — деп хабарлады дәрігерлер.

Мамандардың айтуынша, 28 жастағы ұшқышқа қажетті медициналық көмек пен ем-дом шаралары толық көлемде көрсетіліп жатыр. Дәрігерлер науқастың жағдайын тұрақты түрде бақылауда ұстап отыр.

Еске сала кетейік, қайғылы оқиға 2026 жылғы 27 мамырда таңертең болды. Көлік министрлігінің алдын ала мәліметінше, Ан-2 көпмақсатты жеңіл ұшағы егістік алқаптарын химиялық дәрілеу жұмыстарын жүргізіп жатқан сәтте жоғары вольтты электр беру желісіне соғылған.