Өңірде өсім 1,7% құрайды
Бүгінде облыс көлемінде 9392 адам коронавирус індетін жұқтырған. Тәулік ішінде 109 адамның қауіпті індетке шалдыққаны айқындалды.Облыс бойынша коронавирус жұқтырғандардың өсімі 1,7% құрайды, деп хабарлайды Атырау облысының коммуникациялар қызметі.
Бүгінгі күні облыс бойынша 1170 инфекциялық, 787 провизорлық, 2013 карантиндік кереует жасақталған.
«Қазіргі уақытта облыстағы эпидемиологиялық жағдай тұрақталып келеді. Осы бағытта көптеген жұмыстар атқарылуда. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, инфекциялық кереуеттердің саны 60 пайызға артты. Нақтырақ айтқанда, 466 орын қосылды. Осы бағытта көптеген жұмыстар атқарылуда. Бүгінде 55 интерн инфекциялық, провизорлық стационарларда қызмет етуде. Сондай ақ, Ресейден келген дәрігерлер біздің дәрігерлермен тығыз байланыста жұмыс істеп жатыр. Бекітілген алгортимге сәйкес ем жүргізуде»,- деді облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Қабдықапаров.
Айта кетейік, бүгінде облыстағы коронавирустан жазылып шыққандар саны ауырып шыққан адамдардың 60 пайызын құрайды. Нақтырақ айтқанда, 5677 адам COVID-19 індетінен жазылып шықты.