Соққы салдарынан экипаж мүшелерінің бірі оқиға орнында қаза тапты
Павлодар облысының Железинка ауылына таяу маңда Ан-2 жеңіл ұшағы апатқа ұшырады. Қайғылы оқиға 2026 жылғы 27 мамырда таңертең болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Авиациялық оқиға «Жеңіл және аса жеңіл авиация пайдаланушылары заңды тұлғалар бірлестігіне тиесілі әуе кемесімен болған. Ұшақ өңірде авиациялық-химиялық жұмыстарды орындап жүрген. Мәлімет бойынша, ұшақ жоғары вольтты электр беру желісіне ілініп кеткен.
Ұшақ бортында екі адам болған. Соққы салдарынан экипаж мүшелерінің бірі оқиға орнында қаза тапты.
«Екінші ұшқышты Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері аман-есен алып шықты. Зардап шеккен азамат ауруханаға жеткізілді», — деп хабарлады мекеме өкілдері.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, бұл авиациялық апатты Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Көліктегі оқиғалар мен инциденттерді тексеру жөніндегі департаменті тергейді. Қазіргі уақытта арнайы комиссия мүшелері мен департамент қызметкерлері оқиға орнына аттанды. Олар оқиғаның мән-жайын анықтайды.