Бір отбасының үш мүшесі асырап алған алты балаға бес жыл бойы жүйелі түрде қорлық көрсеткен
Қарағанды облысында асырап алған балаларына көрсеткен жан түршігерлік қорлықтары үшін айыпталған бір отбасының мүшелеріне қатысты сот отырысы аяқталуға жақын. Мемлекеттік айыптаушы сотталушыларға сұралған жаза мерзімін жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тергеу мәліметі бойынша, бір отбасының үш мүшесі асырап алған алты балаға бес жыл бойы жүйелі түрде тізе батырып, қорлық көрсетіп келген. Балаларды көсеумен сабап, иттің ұясына ұйықтауға мәжбүрлеген және тамақтарына малдың нәжісін араластырып берген.
«Балалар негізінен суға пісірілген макаронмен қоректенген, басқа тамақ берілмеген. Оларды үнемі балағаттап, ауыр жұмысқа салған. Тамаққа қосылған малдың тезегін жеуге және жуынды суды жалауға мәжбүрлеген. Киім сатып алып бермеген, ескі-құсқыны киіп жүрген», — деді мемлекеттік айыптаушы Жанқуат Ахмедин.
Сот-медициналық сараптамасының қорытындысы да жаға ұстатарлық. Кішкентай ұлдардың басынан 47 тыртық табылған. Ал балалардың бірі алған ауыр бас-сүйек жарақатынан кейін дәрігерлердің көмегімен аман қалған. Бұл жайлы ақпарат өткен жылы белгілі болған еді.
Мемлекеттік айыптаушы соттан отағасын 12 жылға, оның жұбайын 10 жылға, ал қызын 4 жыл 8 айға бас бостандығынан айыруды сұрады. Сонымен қатар, прокурор соттан зардап шеккен әрбір баланың пайдасына моральдық шығын ретінде 10 миллион теңгеден өндіріп беруді талап етті.