Қайғылы жағдай Гормолзавод ауданындағы Түрксіб көшесінде болды
Ақтөбе қаласындағы тұрғын үйлердің бірінде жойқын жарылыс болды. Оқиғаға табиғи газдың таралып кетуі себеп болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Диапазонға» сілтеме жасап.
Қайғылы жағдай Гормолзавод ауданындағы Түрксіб көшесінің бойында орналасқан үйлердің бірінде болған. Куәгерлердің айтуынша, үй иесі жұмыстан келіп, жарықты қосқан сәтте жарылыс болған. Жарылыс салдарынан ғимарат іші бүлініп, үйінділер пайда болды. Оқиға орнына шұғыл түрде барлық құтқару қызметі жұмылдырылды.
Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, оқиға орнынан әйел адамның денесі табылған. Тілсіз жаудың салдарын жою жұмыстарына ТЖМ-нің өрт сөндіру және авариялық-құтқару қызметі, Апаттар медицинасы орталығының мамандары, сондай-ақ кинологиялық есеп тартылған жедел-құтқару жасағы жұмылдырылды.
«Қазіргі уақытта оқиға орнында авариялық-құтқару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мамандар үйінділерді тексеріп, қайғылы жағдайдың барлық мән-жайын анықтауда. Сондай-ақ полиция мен жедел жәрдем қызметкерлері де осында жұмыс істеп жатыр», — деп мәлімдеді мекеме өкілдері.