Астанада ер адам танысының үйіне қонаққа барып, алтын әшекейлерін ұрлап кеткен

Автор: Асыл Арман

Оның ұрлығы ертеңінде-ақ әшкере болды, ал алтындардың жалпы құны 1 млн теңгеден асқан

Фото: istockphoto.com

Астанада полицейлер 43 жастағы қала тұрғыны зергерлік бұйымдарды ұрлап жүргенін анықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Астана қаласының Полиция департаменті таратқан хабарламаға сүйенсек, алтын әшекейлерінің жоғалғаны туралы әйел адам полицияға арызданған.

Жедел-іздестіру шаралары барысында күдікті ұсталды. Ол жәбірленушінің үйіне осыған дейін қонақ болып барған танысы болып шықты. Тергеу барысында ол кетіп бара жатып, жасырын түрде үй иесінің алтын шынжырларын, білезіктері мен сырғаларын ұрлап кеткен.

Келтірілген жалпы шығын көлемі 1 миллион теңгеден асқан. Ұрланған бұйымдарды күдікті ломбардқа тапсырған.

«Полиция қызметкерлері күдіктіні арыз түскеннен кейін келесі күні-ақ анықтап, ұстады. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Полиция азаматтарға бағалы заттарды қараусыз қалдырмауды және үйіне кіріп-шығатын адамдарға сақ болуды ескертеді. Заңға қайшы әрекеттер болған жағдайда дереу құқық қорғау органдарына хабарласу қажет», – делінген Полиция департаментінің хабарламасында.