Алаяқтар қазіргі уақытта ЖИ мен арнайы қосымшалардың көмегімен танымал адамдардың бейнесі мен дауысын қолдан жасайды
Интернет алаяқтар дипфейк технологиясы арқылы әйгілі UFC спортшысы Олег Тактаровтың бейнесін пайдаланып, Алматы облысының полиция қызметкеріне қоңырау шалған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Алматы облысының Полиция департаменті таратқан хабарламада алаяқтар психологиялық ықпал етудің жаңа тәсілдерін жиі қолданатынын ескертті. Жасанды интеллект пен арнайы қосымшалардың көмегімен олар танымал адамдардың бейнесі мен дауысын қолдан жасап, өздерін банк, құқық қорғау органдары немесе арнайы қызмет өкілдері ретінде таныстырады.
«Осындай жағдайлардың бірі полиция қызметкерімен болды. Оның телефонына өзін Ұлттық банк қызметкері ретінде таныстырған белгісіз адамдар хабарласып, атына тіркелмеген есепшоттар бар екенін айтып, қаражатты «заңдастыру» сылтауымен аударуға көндірмек болған», – деп хабарлады полицияда.
Оның сөзіне күмәнданған полиция қызметкері сөйлесуді тоқтатқаннан кейін, алаяқтар қысымды күшейтуге тырысып, бейнеқоңырауға жалған арнайы қызмет өкілін қосты. Оның сырт келбеті белгілі ресейлік спортшы, жекпе-жек шебері әрі актер Олег Тактаровқа барынша ұқсас болған.
«Танымал адамның бейнесін қолдану жәбірленушінің сеніміне кіріп, психологиялық әсер етуге бағытталған. Алайда полиция қызметкері алаяқтық белгілерін дер кезінде байқап, мұндай жағдайда қалай әрекет ету қажеттігін көрсетті. Жымысқы әрекеті әшкере болғанын түсінген күдіктілер әңгімені тоқтатып, қайта хабарласуды доғарған», – деп толықтырды ведомствода.
Полицияның мәліметінше, мұндай алаяқтық схемалар бүгінде кеңінен таралып келеді. Қылмыскерлер дипфейк технологияларын пайдаланып, шынайы бейнеге ұқсас жалған видеолар мен кескіндер жасап, азаматтарды жаңылыстыруға әрекет етеді.