Астана тұрғыны шетелдікті 300 мың теңгеге Қазақстан азаматтығын алып беремін деп алдаған

Автор: Асыл Арман

Елордада шетел азаматын алдаған күдікті ұсталды

Фото: istockphoto.com

Астана тұрғыны шетелдікті 300 мың теңгеге Қазақстан азаматтығын алып беремін деп алдап кеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Сарыарқа аудандық полиция басқармасының қызметкерлері 23 жастағы күдіктіні ұстады.

«Тергеу барысында күдіктінің шетел азаматының сеніміне кіріп, құжаттарды рәсімдеуге көмектесемін деген сылтаумен ақша алғаны анықталды. Алайда уәде етілген қызметті орындамай, алған ақшаны жұмсап жіберген. Нәтижесінде жәбірленушіге 300 мың теңге көлемінде материалдық шығын келтірілген», – делінген ПД хабарламасында.

Аталған іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта күдіктінің өзге де осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде.

«Полиция азаматтарды алаяқтық әрекеттерден сақ болуға шақырады. Құжаттарды рәсімдеу және азаматтық алу мәселелері бойынша тек ресми мемлекеттік органдарға жүгіну қажет екенін ескертеді», – деп жазады қалалық ПД.