«Өз оқушысынан өзі ақша алып, репетитор бола алмайды»: Сүлейменова мұғалімдерге қатысты тағы бір өзгеріс туралы айтты

Автор: Аягөз Құрмаш

Оған тыйым салу мәселесін министрлік қарап жатыр

Фотоколлаж: Әбілқасым Есентаев/Azattyq Ruhy

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мұғалімдер өздері сабақ беретін оқушыларға репетиторлық қызмет көрсете алмауы да мүмкін екенін айтты, деп жазады Azattyq Rýhy.

«Бүгінгі таңда тек мектептегі біліммен-ақ жоғары балл жинап жатқан оқушыларды да білеміз. Жалпы репетиторлық нарыққа байланысты оқу-ағарту министрлігі қазір «Білім туралы» заңға бірқатар өзгерістер әзірлеуді бастады. Оның ішінде репетиторлық орталықтардың қызметі, салықтық реттеу және балалар мен ата-аналар алдындағы жауапкершілік мәселелері қарастырылып отыр», - деді министр үкіметтегі брифингте.

Оның айтуынша, бұл өзгерістерге сай, мектеп мұғалімі өзі сабақ беретін оқушыға қосымша ақылы репетитор болуына тыйым салынады.