Алаяқтардың жаңа қулыққа көшкені белгілі болды
Қазақстанда алаяқтықтың жаңа түрі пайда болды. Нақтырақ айтқанда, Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер интернет-алаяқтық бойынша бір істі тергеп жатыр, онда қаскөйлер жаңа қулығын жүзеге асырған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, оқиға әдеттегідей SMS арқылы келген төрт таңбалы кодты айту туралы өтініштен басталған.
«Облыс тұрғынына өзін халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкері ретінде таныстырған адам қоңырау шалып, мемлекеттік бағдарлама аясында келесі оқу жылына мектеп оқушыларына тегін тамақ рәсімдеуді ұсынған. Алаяқтың айтуынша, код құжаттарды қарау кезегіне қою үшін қажет болған. Кейіннен алаяқтардың нұсқауын орындау барысында әйел депозиттегі жинақ ақшасынан және олардың қысымымен рәсімделген несиеден айырылған. Жалпы келтірілген шығын 1 миллион 850 мың теңгеден асты», – делінген хабарламада.
Белгілі болғандай, «Antifraud» жүйесінің көмегімен полицейлер 600 мың теңге көлеміндегі бір аударымды бұғаттады. Бұл қаражат жәбірленушіге қайтарылды. Қалған қаражат қылмысқа қатысы бар тұлғалар есебінен сот шешімімен өтелуі мүмкін.
«Қазіргі уақытта полицейлер Қазақстанның әртүрлі өңірлерінде жәбірленуші қаражаты шетелге шығарылған арналарға қатысы бар үш «дропперді» анықтады. Оларға интернет-алаяқтыққа сыбайлас қатысқаны үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген», – деп жазады полиция.