«Достарымен бәстескен»: Қостанай облысында жасөспірім жартастан секіріп, суға батып кетті

Автор: Асқарова Қарлығаш

Суға секірген бала жүзе алмаған

Фото: istockphoto.com

Қостанай облысының Лисаковск қаласында жасөспірім суға батып көз жұмды. Марқұмның денесін Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері судан алып шыққан,  деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қайғылы оқиға туралы ақпарат жергілікті Instagram-парақшалардың бірінде жарияланды. Куәгерлердің айтуынша, Лисаковскідегі «Скалка» аумағында, кәмелетке толмаған бала жасөспірімдер суға жиі секіретін жартастан секірген. 

«Жасөспірім жүзе алмайды дейді. Алдын ала мәлімет бойынша, ол достарымен бәстесіп суға секірген», – делінген жазбада.

Қостанай облыстық ТЖД мәліметінше, іздестіру жұмыстары кезінде Лисаковск қаласындағы Тобыл өзенінен 2011 жылы туған жасөспірімнің денесі табылған. Құтқарушылар оның мәйітін судан алып шықты. 

«Жасөспірім шомылуға арналмаған жерде суға түсу кезінде батып кеткен. Төтенше жағдайлар министрлігі азаматтарды тек рұқсат етілген және арнайы жабдықталған орындарда ғана шомылуға шақырады. Сондай-ақ балаларды қараусыз қалдырмауды ескертеді», – деп мәлімдеді ведомство.