Қостанай облысындағы көлдер емдік статусқа ие болуы мүмкін

Автор: Асыл Арман

Бұл аймақтағы туризмді дамытуға мүмкіндік береді

Фото: Видеодан скрин

Қостанай облысында 13 көлді Қазақстанның емдік табиғи ресурстарының атласына енгізу жоспарланып отыр. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі 24kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Ыстық бұлақтардың, тұзды және балшықты көлдердің ресми мәртебе алуы олардың айналасында сауықтыру туризмін дамытуға мүмкіндік береді деп есептейді аймақ кәсіпкерлері.

Емдік қасиеттерімен танымал су айдындарының негізгі бөлігі Алтынсарин, Ұзынкөл және Жангелді аудандарында шоғырланған. Ауруларды емдеу және алдын алу үшін адамдар бұл жерлерге өз жолымен келеді. Бизнесмендер халық арасында танымал көлдердің айналасында нысандар салуға және туристік маршруттарды заңды түрде ұйымдастыруға қаражат салуға дайын. Бірақ ол үшін ғылыми негіздемені, табиғи су айдындарына емдік мәртебе берілуін және базалық инфрақұрылымның жақсартылуын күтуде.

«Көбікті көлінде біз үш жыл бойы эко-отельді дамыттық. Бұл – маусымдық орын. Ол жерде жарық та, ауыз су да болмағанын ескерсек, адамдар тұзды су мен балшықтан кейін жуынуы үшін тұщы суды өзіміз тасыдық. Әрине, бұл өте қымбатқа түсетін шаруа. Жол-көлік және қызмет көрсету инфрақұрылымы пайда болмайынша, бизнеске ол жерлерде нысандар салу тиімсіз болады», – дейді Қостанай облысы Кәсіпкерлер палатасы жанындағы салалық кеңестің төрайымы Гүлмира Қапенова.