Қазір ұлының жағдайы қалыпты
Астаналық блогер Айгүл Тайбекова оның ерекше баласын мектепте бір топ бала бірігіп ұрып тастағанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Ұлымды мектепте соққыға жықты. Сегіз бала сабақтан кейін оны күтіп тұрған. Бар болғаны бір бала достарының алдында өзін «крутой» қылып көрсеткісі келгені үшін осындай жағдай болған. Ұлым сыныптан шыққан кезде оның артынан шабуыл жасаған. Тұншықтырып, ұра бастаған. Ұлымды кемі он бес рет ұрған. Басқалары жанында тұрып, араша түспек болғандарды ұстап тұрған», - дейді Тайбекова.
Оның айтуынша, ұлында сөйлеу және психикалық даму тежеуі бар.
«Ал айналасында балалар мазақтап, телефонға түсіріп тұрған. Буллинг жасаған адам тек ұратын адам емес. Оған үндемей тұрғандар, айдап салғандар, видеоға түсіргендер және топ болып баланы қорлап жатқанда қарап тұрғандар да жатады. Ұлымның жағдайы қазір жақсы, біраз уақыт өтті», - деп жазды оның анасы.
Полиция департаменті хабарлағандай, осы факті бойынша кәмелетке толмаған баланы ата-анасы тиісінше өз міндетін орындамағаны үшін заңды өкілі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
«Мектеп әкімшілігі және заңды өкілдермен құқық бұзудың алдын алу кеңесін өткізді. Кеңес барысында мұндай жағдайлардың қайталануына жол бермеу шаралары және кәмелетке толмағандардың мінез-құлқын бақылауды күшейту мәселелері қаралды», - деп хабарлады полиция департаменті.