Бұл мәселе министр Ақмарал Әлназарованың төрағалығымен өткен арнайы кеңесте қаралды
Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі еліміздегі барлық наркологиялық орталықтарда кешенді тексеру жүргізеді. Бұған жүргізушілерді медициналық куәландырудан өткізу кезінде заңсыздықтардың болуы, азаматтардың шағымдары мен депутаттық сауалдар себеп болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл мәселе Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың төрағалығымен өткен арнайы кеңесте қаралды. Жиын барысында жүргізушілердің ішімдік ішкен-ішпегенін анықтау, яғни сараптама жасау кезінде бекітілген процедуралар мен стандарттардың сақталмау деректері талқыланды.
Министрліктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, азаматтар тарапынан медициналық куәландырудың әділдігіне қатысты шағымдар жиілеген.
Кеңес қорытындысы бойынша министр Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіне бірқатар нақты тапсырма жүктеді. Атап айтқанда, еліміздің барлық өңіріндегі наркологиялық орталықтар жаппай тексеруден өтеді. Сонымен қатар, медициналық куәландыру ережелерінің сақталуы қатаң бақылауға алынатын болды.
Денсаулық сақтау министрлігі егер тексеру барысында ереже бұзушылықтар мен заңсыздықтар анықталса, материалдар бірден құқық қорғау органдарына жіберілетінін мәлімдеді. Заң бұзған жауапты тұлғалар Қазақстан заңнамасына сай процессуалдық шешімдер бойынша жауапқа тартылады.