Абай облысында алаяқтар зейнеткерге қысым көрсетіп, үйін сатуға итермелеген

Автор: Дәулет Ботагөз

67 жастағы зейнеткер жалғыз пәтерінен айырыла жаздады

Фото: © istockphoto.com

Абай облысында тәртіп сақшылары алаяқтардың психологиялық қысымына ұшыраған 67 жастағы зейнеткердің жалғыз пәтерін сатып жіберуіне жол бермеді. Облыстық полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел жұмыс барысында егде жастағы әйелдің өз баспанасын нарықтағы бағадан әлдеқайда арзанға шұғыл түрде сатпақшы болып жатқаны туралы ақпарат алған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Тексеріс нәтижесінде қарияның жергілікті алаяқтық схеманың құрбаны болғаны анықталды. Полицияның мәліметінше, қаскөйлер түрлі айла-шарғылар мен алдау тәсілдерін қолдана отырып, кейуананы өзі тұрып жатқан жалғыз үйін тез арада сатуға көндірген.

Құтқару шаралары барысында тәртіп сақшылары іске араласқан сәтте пәтерді сату туралы алдын ала келісімшарт заңды түрде дайындалып қойғаны анықталды. Алайда киберполиция мамандарының дер кезінде араласуының арқасында бұл күмәнді мәміленің жүзеге асырылуы толықтай тоқтатылды. Соның нәтижесінде қарияның баспанасынан айырылып, далада қалу қаупінің алды алынды.

Пәтерді аман алып қалған тәртіп сақшылары соңғы уақытта қылмыскерлердің халыққа, әсіресе зейнеткерлерге күрделі психологиялық қысым көрсету әдістерін жиі қолданатынын ескертті. Олар азаматтарды үрейлендіру арқылы асығыс шешім қабылдауға мәжбүрлейді, несие рәсімдетеді, қолдағы қаражатын аудартқызады, тіпті осы оқиғадағыдай жылжымайтын мүліктерін де сатқызып жібереді.

Абай облысының полиция департаменті барша азаматтарды жылжымайтын мүлікке қатысты кез келген операцияларда барынша сақ болуға шақырады. Белгісіз тұлғаларға сенбеуді, қысым астында шешім қабылдамауды және міндетті түрде туысқандармен, заңгерлермен немесе ресми мамандармен кеңесуді ұсынады.