Еліміздің үш ірі қаласына арналған 24–26 мамыр аралығындағы ауа райы болжамы жарияланды
Синоптиктер еліміздің үш ірі қаласына арналған 24–26 мамыр аралығындағы ауа райы болжамын жариялады. Мамандардың мәліметінше, алдағы үш күнде Шымкент тұрғындары үшін ауа райы қолайсыз болады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Қазгидрометке» сілтеме жасап.
Елордада аптаның алғашқы күндерінде ауа райы құбылмалы болып, кейіннен күн жылынады. 24 мамыр күні күн бұлтты болып, түнде және күндіз жаңбыр жауып, найзағай ойнайды деп күтілуде. Түнгі уақытта желдің екпіні секундына 15–18 метрге дейін күшейеді. Ауа температурасы түнде +10…+12°С, күндіз +24…+26°С шамасында болады. 25 мамырда күн ала бұлтты болып, жауын-шашынсыз ауа райы сақталады. Желдің жылдамдығы секундына 7–12 метрге жетеді. Сынап бағаны түнде +11…+13°С, күндіз +26…+28°С көрсетеді. Ал 26 мамырда да тұрақты ауа райы сақталып, жауын-шашын күтілмейді. Ауа температурасы түнде +14…+16°С, күндіз +26…+28°С болады.
Алматы қаласында алдағы үш күнде де айтарлықтай құбылыстар күтілмейді, күн ашық болады. 24 мамыр күні ала бұлтты ауа райы сақталып, жауын-шашын күтілмейді. Ауа температурасы түнде +7…+9°С, күндіз +20…+22°С болады. Ал 25 мамырда күн ашық болып, күн райы біршама жылынады. Ауа температурасы түнде +10…+12°С-қа дейін, ал күндіз +22…+24°С-қа дейін көтеріледі. 26 мамыр күні де қолайлы ауа райы сақталады. Сынап бағаны түнде +12…+14°С көрсетсе, күндіз жиналған жылу есебінен ауа температурасы +24…+26°С-қа дейін жетеді.
Үш мегаполистің ішінде ауа райы ең қолайсыз қала – Шымкент. 24 мамыр күні күн ала бұлтты болып, күндіз қысқа мерзімді жаңбыр жауып, найзағай ойнайды деп күтілуде. Желдің екпіні секундына 15–20 метрге дейін жетеді. Ауа температурасы түнде +12…+14°С, күндіз +24…+26°С болады. 25 мамырда да күндіз өткінші жаңбыр жауып, найзағай күтіледі. Желдің жылдамдығы секундына 8–13 метрге жетеді. Ауа температурасы түнде +14…+16°С, күндіз +24…+26°С шамасында сақталады. Ал 26 мамыр күні құбылмалы ауа райы жалғасып, күндіз найзағаймен бірге жаңбыр жауады. Термометрлер түнде +15…+17°С, ал күндіз +26…+28°С деңгейін көрсетеді.