Түркістанда Әзербайжан туын көтерген оқушы марапатталды

Автор: Дәулет Ботагөз

Облыстық полиция департаментінің бастығы Арыстанғани Заппаров мектеп оқушысының азаматтық позициясын ерекше атап өтті

Фото: Ішкі істер министрлігі

Түркістан қаласында қатты желдің салдарынан жерге құлаған Әзербайжан Республикасының мемлекеттік туын көтеріп, орнына қайта орнатқан мектеп оқушысы Нұрсұлтан Базарбайұлы зор құрметке бөленді. Өнегелі іс әрекетімен көзге түскен жасөспірімді Түркістан облысы полиция департаментінің бастығы арнайы қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұған дейін 11-сынып оқушысының бұл әрекеті түсірілген бейнежазба әлеуметтік желілерде кеңінен тарап, көпшіліктің ыстық ықыласы мен жоғары бағасына ие болған еді.

Ресми кездесу барысында Түркістан облыстық полиция департаментінің бастығы Арыстанғани Заппаров мектеп оқушысының азаматтық позициясын, жауапкершілігін және өзге елдің мемлекеттік рәміздеріне деген терең құрметін ерекше атап өтті.

Полиция бастығы Нұрсұлтанға жас буынға үлгі боларлық тәрбиесі мен мәдениеті үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ ол оқушыға рухани құндылықтарды дәріптейтін Шерхан Мұртазаның кітабын сыйға тартып, естелік сый жасады. Мектеп бітіруші түлекке оқуда сәттілік тілеп, оның болашақта елінің білімді әрі лайықты азаматы болатынына сенім білдірді.

Өз кезегінде Нұрсұлтан Базарбайұлы көрсетілген ерекше құрмет пен назар үшін алғысын айтып, бұл кездесу өзі үшін үлкен мәртебе екенін жеткізді.

Қазақстандық мектеп оқушысының бұл игі қадамы тек отандық желі қолданушыларының ғана емес, Әзербайжан елінің де жоғары қолдауына ие болды. Полиция өкілдері бұндай іс-шаралардың жастар арасында азаматтық жауапкершілікті оятуға, отансүйгіштік қасиеттерді дамытуға және құндылықтарды нығайтуға септігін тигізетінін атап өтті.