35 жастағы елорда тұрғынын құрықтау барысында одан өзге де заттар анықталған
Астана қаласында есірткі заттарын сақтады және таратты деген күдікпен жергілікті тұрғын қолға түсті. Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, ұсталған азамат заңсыз әрекетін жасыру үшін бір уақытта екі бірдей пәтерді жалдап келген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тәртіп сақшылары алдымен күдіктінің өзі тұрып жатқан мекенжайын, кейіннен есірткі қоймасы ретінде пайдаланған екінші баспанасын тінтіп шықты.
Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шаралары барысында күдіктінің тыйым салынған заттарды сақтау үшін арнайы тағы бір пәтер жалдағанын анықтады. Дәл осы екінші баспананы тексеру кезінде аса ірі көлемдегі заңсыз заттар тәркіленді.
Тінту барысында екінші пәтердің балконынан өзіндік иісі бар, ақ түсті ұнтақ тәрізді зат салынған 10 полиэтиленді қапшық табылған. Алдын ала мәлімет бойынша, бұл мефедрон. Сонымен қатар, ұнтақ заттың қалдықтары бар контейнерлер, есірткіні өлшеп-орауға арналған зип-пакеттер, электронды таразылар және түрлі-түсті орағыштар да айғақ зат ретінде тәркіленген.
Ал есірткі саудалады деп күдікке ілінген 35 жастағы елорда тұрғынын өз үйінде құрықтау барысында одан өзге де заттар анықталған. Тәртіп сақшылары оның өзі тұрып жатқан пәтерінен өзіндік иісі бар, жасыл түсті зат салынған түйіншектерді тапты. Мамандардың болжамы бойынша, бұл зат – марихуана.
Күдікті ұсталғаннан кейін арнайы медициналық куәландырудан өткізілді. Сараптама қорытындысы ер адамның есірткі заттарын тұтынғанын ресми түрде растады.
Қазіргі уақытта бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Пәтерлерден табылған тыйым салынған заттар мен айғақтар алынып, сараптамаға жолданды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды, тергеу амалдары жалғасып жатыр.