Сот процесі қауіпсіздік мақсатында тергеу изоляторының аумағында өткен
Қарағандыда бопсалау және алаяқтық жасады деп айыпталған ұйымдасқан қылмыстық топтың бірден он мүшесіне қатысты сот үкімі шықты. Тергеу мәліметтеріне сүйенсек, қылмыстық топ жергілікті тұрғындарды қорқытып, кеншілердің табысын тартып алып отырған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сотталушылардың саны көп болуына байланысты, бұл сот процесі қауіпсіздік мақсатында тергеу изоляторының аумағында өтті. Сот шешімімен топтың 8 мүшесі 4 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ екі айыпталушы шартты түрде жазаға кесілді.
Тергеу барысында қылмыстық топ мүшелерінің 22 мен 34 жас аралығындағы жастар екені анықталды. Олар Қарағанды тұрғындарын бопсалап, қоқан-лоқы көрсету арқылы кеншілердің жалақыларын тартып алып тұрған. Көне қоймаған кейбір жәбірленушілерді мәжбүрлеп несие рәсімдетіп, қолдарына түскен миллиондаған теңгені көңіл көтеру мен қымбат көліктерді жалға алуға жұмсаған.
Бұл қылмыстық іс бойынша жалпы 14 адам жәбірленуші деп танылды. Топ мүшелері 2024 жылдың күзінде ұсталған болатын. Алайда, айыпталушылар өз кінәларын мойындаудан бас тартқан.
Сот үкімін оқыған судья Әсел Жұманышева істің барлық жайты мұқият тексерілгенін алға тартты.
«Сот процесіне қатысушылардың барлығын – жәбірленушілерді, куәгерлерді және сотталушыларды тыңдай келе, сот айыпталушылардың кінәсі толық дәлелденді деген қорытындыға келді. Жәбірленушілерге келтірілген материалдық шығынның басым бөлігі әлі күнге дейін қайтарылған жоқ», — деді судья.