23 мамырда Қазақстанның барлық өңірінде дауылды ескерту жарияланды

Автор: Алмас Ерсін

Синоптиктердің болжамынша, ел аумағында үсік, найзағай, бұршақ, екпінді жел және қатты жауын-шашын болады

Фото: istockphoto.com

23 мамырға Қазақстанның басым бөлігінде дауылды ескерту жарияланды. Елдің солтүстігі мен шығысында 4 градусқа дейін үсік жүруі мүмкін. Бірқатар өңірде жаңбыр, найзағай, бұршақ, дауыл, екпінді жел мен қатты жауын-шашын күтіледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Қазгидрометке» сілтеме жасап.

Астанада түнде топырақ бетінде 1 градус үсік болады.

Ақмола облысының солтүстік бөлігінде күндіз жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Түнде және таңертең батыста тұман күтіледі. Жел оңтүстік-батыстан, батыстан соғады, таңертең және күндіз облыстың солтүстігі мен шығысында екпіні секундына 15–20 метрге жетеді. Түнде шығыста 2 градус үсік болады. Көкшетауда күндіз жаңбыр жауып, найзағай болады. Желдің екпіні 15–20 м/с дейін күшейеді.

Солтүстік Қазақстан облысында түнде солтүстікте аздаған жаңбыр мен найзағай күтіледі. Күндіз жаңбыр, найзағай, дауыл болып, облыстың солтүстігі мен шығысында бұршақ жаууы мүмкін. Түнде және таңертең батыста тұман түседі. Батыстан және солтүстік-батыстан соғатын желдің жылдамдығы 15–20 м/с, күндіз екпіні 23–28 м/с болады. Петропавлда да күндіз жаңбыр, найзағай, дауыл және бұршақ күтіледі.

Қостанай облысының солтүстігі мен шығысында күндіз жаңбыр мен найзағай болады. Түнде және таңертең облыстың батысы мен солтүстігінде тұман түседі. Жел оңтүстік-батыстан соғып, кейін солтүстік-батысқа ауысады. Кей жерлерде екпіні 15–20 м/с болады.

Павлодар облысының батысында, солтүстігі мен шығысында күндіз жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Жел оңтүстік-батыстан соғып, екпіні 15–20 м/с дейін күшейеді. Түнде облыстың оңтүстігінде 2 градус үсік болады. Павлодарда күндіз жаңбыр мен найзағай күтіледі.

Қарағанды облысының солтүстігі мен шығысында түнде және таңертең тұман түседі. Жел оңтүстік-батыстан, батыстан соғады. Күндіз облыстың батысы мен солтүстігінде екпіні 15–18 м/с болады. Түнде солтүстік пен шығыста 3 градус үсік жүреді. Қарағандыда топырақ бетінде 2 градус үсік күтіледі.

Ұлытау облысының солтүстігі мен шығысында түнде және таңертең тұман болады. Жел солтүстік-шығыстан соғып, түнде және таңертең облыстың шығысы мен оңтүстігінде екпіні 15–20 м/с дейін жетеді.

Шығыс Қазақстан облысының солтүстігі мен шығысында түнде аздаған жауын-шашын болады. Жаңбыр мен қар аралас жаууы мүмкін. Жел солтүстік-батыстан соғып, кейін оңтүстік-батысқа ауысады. Облыстың батысы, солтүстігі мен оңтүстігінде екпіні 15–20 м/с болады. Түнде солтүстік пен шығыста 4 градус үсік күтіледі. Өскеменде түнде топырақ бетінде 2 градус үсік болады.

Абай облысында жел солтүстік-батыстан соғып, кейін оңтүстік-батысқа ауысады. Облыстың солтүстігі, оңтүстігі мен орталығында желдің екпіні 15–20 м/с жетеді. Түнде батысы мен орталығында 3 градус үсік болады. Семейде түнде топырақ бетінде 2 градус үсік күтіледі.

Алматы облысының батысы мен оңтүстігінде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Түнде оңтүстікте кей уақытта қатты жаңбыр, бұршақ және дауыл болады. Таулы аймақтарда жаңбыр мен сулы қар түріндегі қатты жауын-шашын күтіледі. Жел солтүстік-шығыстан соғып, облыстың батысы, оңтүстігі мен таулы өңірлерінде екпіні 18–23 м/с болады. Алматыда түнде жаңбыр жауып, найзағай болады, кей уақытта қатты жаңбыр күтіледі. Қонаевта да жаңбыр мен найзағай болады. Іле Алатауының тауларында түнде қатты жауын-шашын болуы мүмкін.

Жетісу облысының оңтүстігі, шығысы және таулы аймақтарында түнде жаңбыр мен найзағай күтіледі. Таулы өңірлерде түнде және таңертең тұман түседі. Жел солтүстік-шығыстан соғып, кей жерлерде екпіні 15–20 м/с, кей уақытта 23–28 м/с дейін жетеді.

Жамбыл облысының батысы, оңтүстігі, шығысы және таулы аудандарында түнде жаңбыр, найзағай болады. Таулы аймақтарда қатты жаңбыр, бұршақ пен дауыл күтіледі. Күндіз облыстың оңтүстігі мен таулы өңірлерінде жаңбыр мен найзағай болады. Кей жерлерде тұман түседі. Таразда кей уақытта жаңбыр жауып, найзағай ойнайды.

Қызылорда облысының солтүстігі мен орталығында шаңды дауыл күтіледі. Жел солтүстік-шығыстан соғып, екпіні 15–20 м/с болады. Қызылорда қаласында күндіз шаңды дауыл болады.

Түркістан облысының оңтүстігі, тау және тау бөктеріндегі аудандарында жаңбыр, найзағай және дауыл күтіледі. Түнде таулы өңірлерде кей уақытта қатты жаңбыр жауады. Жел солтүстік-шығыстан соғып, облыстың батысы, солтүстігі және таулы аймақтарында екпіні 15–20 м/с болады. Шымкентте түнде жаңбыр жауып, найзағай мен дауыл болады. Түркістанда да желдің екпіні 15–20 м/с дейін күшейеді.

Ақтөбе, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарында өрт қаупінен басқа қауіпті метеорологиялық құбылыстар болжанбайды.

Маңғыстау облысының батысы мен оңтүстігінде түнде жаңбыр жауып, найзағай болады. Жел шығыстан және солтүстік-шығыстан соғып, облыстың батысы, оңтүстігі мен орталығында екпіні 15–20 м/с дейін жетеді.