Астанада мектеп түлектері жақында ғана ашылған LRT-ға ән шырқады

Астанада биыл 16 мыңнан астап оқушы мектеп бітіреді

Астанада мектеп түлектері жақында ғана ашылған LRT-ға ән шырқады
Фото: Астана әкімдігі

Астанадағы №91 мектеп-гимназиясы түлектері соңғы қоңырау қарсаңында ерекше форматтағы әсерлі музыкалық флешмоб ұйымдастырды. Жас түлектер балалық шақпен қоштасу мен ақ арманның символына айналған Мұхтар Шахановтың «Ақ бантик» әнін елордадағы LRT вагонында орындап, көпшілікке ерекше көңіл күй сыйлады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Түлектердің айтуынша, білім ордасының маңынан бой көтерген LRT олар үшін тек заманауи көлік инфрақұрылымының нысаны ғана емес, Астананың қарқынды дамуы мен болашаққа ұмтылысының белгісі. Сондықтан мектеппен қоштасу сәтін қаланың жаңа даму кезеңімен байланыстыру идеясы оқушылар тарапынан үлкен қолдау тапқан.

Астана әкімдігінің мәліметінше, ақ жейде мен ақ бантик таққан түлектердің ән орындауы жолаушыларға ерекше әсер қалдырды. Ән арқылы олар мектеп қабырғасындағы балалық шақпен қоштасу сезімін, ұстаздарға деген алғысын, туған қалаға деген сүйіспеншілігін және болашаққа деген сенімін жеткізуге тырысты.

«Түлектеріміздің тарихи мектеп бітіру сәті мен LRT-ның іске қосылу кезеңі қатар келіп отыр. Осы орайда біз ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, жастардың туған қалаға деген құрметін көрсету мақсатында осындай ерекше іс-шара ұйымдастырдық. Бұл түлектердің есте қаларлық сәттерінің бірі болады деп сенеміз», – деді мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлнәр Ахметова.

Айта кетерлігі, биыл Астанада 16 мыңнан астап оқушы мектеп бітіреді.