Алматыда ер адам кинотеатрда поп-корнға қақалып, көз жұмды: полиция тергеу жүргізіп жатыр

Автор: Асыл Арман

Оқиғаның мән-жайы жан-жақты анықталып жатыр

Фото: istockphoto.com

Алматыдағы кинотеатрлардың бірінде ер адам поп-корнға қақалып, көз жұмды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оқиғаның мән-жайы әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Марқұмның туыстарының айтуынша, жас жігіт кинотеатрға бұрынғы сыныптасымен бірге келген және сеанс басталар алдында попкорн сатып алған.

«Әдеттегідей, сеанс алдында попкорн сатып алды. Соны жеп отырып, қақалып қалған. Ол дәретханаға барып, құсып келгеннен кейін «жеңілдеп қалдым» деді. Кейін екеуі залға кіреді, бірақ ол үнемі «тамағым жыбырлап тұр» деп қайталай берген. Бір сәтте «жүрегім қысылып тұр» деп айтып, қолындағы сырт киімін жанындағы қызға ұстатқан соң құлап түсті», – дейді туыстары.

Олардың сөзінше, айналасындағылар оны жүрек талмасы болуы мүмкін деп болжап, көмек көрсетуге тырысқан. Алайда жедел жәрдем келгенге дейін ер адам қайтыс болды.

Қайғылы оқиғаны полиция қызметкерлері тергеп жатыр.

«Аталған дерек бойынша Алматы қаласы Бостандық аудандық Полиция басқармасына қарасты полиция бөлімі тарапынан тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы жан-жақты анықталуда», – делінген Полиция департаментінің агенттік тілшісіне берген пікірінде.

Тексеру қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес процессуалдық шешім қабылданатын болады.