Әуе билеттері арзандаудың орнына қымбаттап кеткен: министрлік уәдесін орындай алды ма

Автор: Аягөз Құрмаш

Ол әуебилеттерінің қымбаттағанын алға тартты

Фото: Azattyq Ruhy, Әбілқасым Есентаев

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Салық кодексіне өзгерістер енгізу туралы заң жобасын талқылау кезінде ұлттық экономика бірінші вице-министрінің осыған дейінгі сөзін есіне түсіріп, сұрақтың астына алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Жұмыс тобының мүшесі ретінде сіздің бұған дейін айтқан сөздеріңіз есімде. Қателеспесем, жұмыс тобы кезінде бұл мәселеге қатысты басқаша пікір білдірдіңіз. Ол кезде: «Алты ай уақыт беріңіздер. 2026 жылдың қаңтарынан бастап Салық кодексі күшіне енеді, мамыр-маусым айларында сіздерге талдау нәтижелерімен, мүмкін түзетулермен келеміз» деген едіңіз. Алайда біз әзірге ешқандай талдау да, түзету де көрген жоқпыз. Ал қазір пленарлық отырыста бір жыл қажет деп айтып отырсыз. Жұмыс тобында айтқан сөздеріңіз жадымызда. Ол жерде бір басқа, мұнда мүлде басқа пікір айтылып отыр. Мен өз ұстанымымда қаламын, Салық кодексі аясында сіздер ҚҚС төлеуі тиіс тұлғаларды салықтан босатып, керісінше, жеңілдік берілуі керек азаматтарға салмақ салдыңыздар», – деді депутат ұлттық экономика бірінші вице-министріне.

Бақытжан Базарбек Қарапайым авиаотын мәселесін мысалға алды.

«Сіздер авиаотын сатып алуды ҚҚС-тан босатып, мұны әуе билеттері 1 қаңтардан бастап арзандайды деп түсіндірдіңіздер. Бірақ менің байқауымша, билеттер арзандамақ түгілі, керісінше қымбаттап кетті. Ал әуе компаниялары бұрын авиаотын үшін төлеп келген сомаларды өздерінде қалдырды. Бұл аз ақша емес – әуе билеті құнының шамамен 60-70 пайызы. Осыған байланысты сұрақ туындайды, бәлкім, ұлттық экономика министрлігі Салық кодексіне қайта оралып, осы заң жобасы аясында түзетулер пакетін енгізуі керек шығар?!» – деді депутат.

Өз кезегінде ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин өзінің айтқан уәделерін растайтынын айтты.

«Өте орынды мысал келтірдіңіз. Расында, авиаотынға қатысты ҚҚС нормасын алып тастаған кезде негізгі мақсаттардың бірі билет бағасын төмендету болған. Кем дегенде, осыны жауапты салалық мемлекеттік орган негіз ретінде ұсынған еді. Өздеріңіз білесіздер, бүгінде қандай да бір жеңілдік алғысы келген тарап оны бейінді мемлекеттік орган арқылы өткізеді. Ал жаңа Салық кодексінде 2027 жылдан бастап республикалық бюджетпен бірге салықтық шығыстар туралы есепті жыл сайын сіздерге ұсынып отырамыз деген нақты норма бар», – деді ол.

Вице-министр сол есеп аясында берілген жеңілдіктердің тиімділігіне тұрақты түрде талдау жасайтындарын айтты.

«Сұрағыңызға рақмет, бұл мәселені бақылауға аламыз. Бұл аталған жеңілдікті алып тастауға бастама көтеруге және бюджетті қалыптастыру кезінде қосымша кіріс көздерін қайтаруға негіз болуы мүмкін. Ал алты ай туралы айтқан сөзімнен бас тартпаймын. Шынында да, мен айтқан мониторинг алты айға есептелген. Бірақ 1 қаңтардан бері бұл мерзім әлі толық аяқталған жоқ. Неліктен дәл алты ай туралы айтылды? Себебі оңайлатылған декларация бойынша салық кезеңі алты айды құрайды. Төлем мерзімі – жартыжылдық қорытындысы бойынша 25 тамыз. Біз талдауды осы төлемдер негізінде жүргіземіз. Сондықтан айтқан сөзімді толық растаймын», –  деді ол.