Астанада жаңа туған сәбиін сатпақ болған 19 жастағы бойжеткен сотталып кетті

Автор: Асыл Арман

Ол жүктілігінің сегізінші айында суррогат ана болу шарты туралы жалған келісімшарт жасаған

Фото: istockphoto.com

Астанада жаңа туған баласын сатып жібермек болған 19 жастағы бойжеткен ата-ана құқығынан айырылып, өзі де, арадағы делдалдар да сотталып тынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Белгілі болғандай, елорданың 19 жастағы тұрғыны делдалдар арқылы жүктіліктің сегізінші айында жасалған жалған суррогат ана болу шарты негізінде өзінің жаңа туған баласын ерлі-зайыпты жұпқа ақшалай сыйақы үшін берген.

Соттың 2025 жылғы 23 мамырдағы үкімімен қыз және делдалдар Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 135-бабы («Кәмелетке толмағандар саудасы») бойынша кінәлі деп танылды. Сотталушыларға пробациялық бақылау белгілене отырып, шартты түрде 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

«Баланың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында ол кәмелетке толмағандарға арналған мамандандырылған мекемеге орналастырылды. Сонымен қатар, Астана қаласы әкімдігінің «Мамандандырылған балалар үйі» КММ-нің талап-арызы бойынша анасы ата-ана құқықтарынан айырылды. Астана қаласының прокуратурасы балаларға қатысты заңсыз мәмілелер қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатынын және құқық қорғау органдарының ерекше бақылауында екенін еске салады», – делінген прокуратураның хабарламасында.