«AMANAT» партиясының хатшысы ұстаздар қауымы партияның негізгі тірегі екенін айтты
«Әділет» мектепке дейінгі және орта білім беру жеке ұйымдарының республикалық қауымдастығы Астанадағы «Tanym» көпбейінді кешенінде «Білім берудегі жаңа мүмкіндіктер: жасанды интеллект және жаңғырту» тақырыбында конференция өткізді. Іргелі іс-шара барысында «AMANAT» партиясының хатшысы Шолпан Каринова 100-ден астам мұғалімді партия қатарына қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Өз кезегінде «AMANAT» партиясының хатшысы Шолпан Каринова ұстаздар қауымы партияның негізгі тірегі екенін атап өтті.
«Бүгін 100-ден астам мұғалім «AMANAT» партиясының қатарына қосылды. Ел жастарына сапалы білім мен саналы тәрбие беретін мамандық иелерінің осындай дұрыс әрі жауапты таңдау жасағаны қуантады. Білім беру саласында қажырлы еңбек етіп жүрген ұстаздарға қолдау көрсету, олардың кәсіби беделін биіктету және қоғамдағы мәртебесін арттыру – мемлекеттік және қоғамдық маңызы жоғары басым бағыттардың бірі. Мұғалімдер қауымы – «AMANAT» партиясының негізгі тірегі. Сол себепті ұстаздардың партия қатарына қосылуы – біз үшін аса маңызды», – деді Шолпан Каринова.
Осылайша, «Әділет» қауымдастығы төрағасының орынбасары, «Space school» мектебінің директоры Нұрболат Бисенғалиев, «Balbobek» балабақшаларының құрылтайшысы Оксана Ушкевич, «Seed education» және «Балажан» балабақшасының құрылтайшысы және бас директоры Гүлсім Егизбаева, «ZERO Education» директоры Дәурен Момынқұлов және өзге де азаматтар «AMANAT» партиясының жаңа мүшелері атанды.
Осы орайда, «Әділет» қауымдастығы төрағасының орынбасары, «Space school» мектебінің директоры Нұрболат Бисенғалиев дұрыс таңдау жасай білгенін мәлімдеді.
«AMANAT» партиясының қатарына қосылғаныма өте қуаныштымын. Бұл шешім жаңа мүмкіндіктерге жол ашып қана қоймай, жоғары жауапкершілік жүктейді. Себебі маңызды міндеттер нақты шешімдер мен жүйелі жұмысты талап етеді. Мен дұрыс таңдау жасадым деп есептеймін», – деді Нұрболат Бисенғалиев.
«AMANAT» партиясының бұл бағыттағы жүйелі жұмыс алдағы уақытта да лайықты жалғасын табады.