Арнайы мәртебесі бар стратегиялық орталық ретінде дамуы үшін заңдық негіз күшейтіледі
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Нұртай Сабильянов Астананың мәртебесі туралы Конституциялық заңды қабылдаудың себебін түсіндіріп берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Бұл заң астананың тек әкімшілік орталық емес, сонымен бірге саяси, экономикалық және мәдени даму орталығы ретінде тұрақты әрі жүйелі түрде дамуын қамтамасыз ету үшін қажет. Бұрын қала деңгейіндегі көп мәселелер жалпы әкімдік құзыретінде қаралса, енді олардың ауқымы мен шешім қабылдау тетіктері нақты құқықтық нормалармен бекітіледі», – деді депутат.
Депутат атағандай, заңның басты мақсаты – астананы кешенді дамытуға мүмкіндік беретін құқықтық базаны жаңарту.
«Оның ішінде инфрақұрылымды жетілдіру, қала құрылысын тиімді жоспарлау, халыққа қолайлы өмір сүру жағдайын жасау және басқару шешімдерінің жеделдігін арттыру көзделеді. Сонымен қатар бұл құжат қаланың халықаралық беделін көтеруге, инвестициялық тартымдылығын арттыруға және урбанистикалық дамуын жүйелеуге бағытталған. Яғни астана тек өсіп келе жатқан қала ретінде емес, арнайы мәртебесі бар стратегиялық орталық ретінде дамуы үшін заңдық негіз күшейтіледі», – деді Сабильянов.
Депутат заң астананы басқаруды жеңілдету үшін емес, керісінше оның дамуын ұзақ мерзімге жоспарлап, барлық негізгі бағытты бір жүйеге келтіру үшін қабылданғанын айтты.