Қазақстанда азаматтық авиация саласындағы білім гранттар артқан

Автор: Аягөз Құрмаш

Биылдың өзінде 586 грант бөлінеді

Фото: Үкімет

Қазақстанда азаматтық авиация саласына қажетті мамандар даярлауға бөлінетін мемлекеттік гранттар саны көбейіп келеді. Бұл туралы үкімет отырысында ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 3 желтоқсанда авиахабтарды дамыту жөнінде берген тапсырмасына сәйкес, азаматтық авиация саласы үшін кадр даярлау жүйесін жаңғырту бағытында кешенді жұмыстар жүріп жатыр.

Қазір авиация саласы қарқынды дамып келеді. Жолаушылар мен жүк тасымалының артуы, цифрлық технологиялардың енгізілуі және халықаралық қауіпсіздік талаптарының күшеюі білікті мамандарға деген сұранысты өсірген.

«Осыған байланысты мемлекеттік білім гранттарының саны да ұлғайды. Мәселен, 2022–2023 оқу жылында авиация мамандықтарына 380 грант бөлінсе, 2025–2026 оқу жылына 586 грант қарастырылып отыр», - деді Көбенова.

Министрлік мәліметінше, бұл шаралар авиация саласын кәсіби кадрлармен қамтамасыз етіп, Қазақстанның өңірлік авиахаб ретіндегі әлеуетін күшейтуге бағытталған.