Шымкентте бозбала автобусты таспен атқылады (ВИДЕО)

Автор: Асыл Арман

Салдарынан автобус терезесі зақымданып, жолаушылар мен жүргізушіге қауіп төнді

Фото: istockphoto.com

Шымкентте бір топ жасөспірім Таскешу тұрғын алабына күнделікті қатынайтын №149 бағыттағы автобусқа тас лақтырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі Otyrar сайтына сілтеме жасап.

Салдарынан автобус терезесі зақымданып, жолаушылар мен жүргізушіге қауіп төнді.

Тасымалдаушылардың айтуынша, автобусты жөндеу жұмысын өз қаражаттары есебінен төлеуге тура келген. №149 бағыт – Таскешу тұрғындарына қатынайтын жалғыз қоғамдық көлік болып саналады. Желіде күн сайын 11 автобус қатынайды.

Көлік қызметкерлері атап өткендей, мұндай жағдай бұл маңайда бірнеше рет болған. Осыдан екі жыл бұрын дәл осы ауданда бұзақылар бірден бес автобусқа тас лақтырған. Ол кезде көліктердің бір бөлігінің терезелері шытынаса, кейбіреуінде тесіктер қалған.

Шымкент қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі қозғалыстағы автобусқа тас лақтырған жасөспірімнің кім екені анықталғанын хабарлады. Ол жергілікті кәмелетке толмаған тұрғын болып шықты.

Жасөспірімнің заңды өкіліне қатысты баланы тәрбиелеу бойынша міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік материалдар толтырылды. Ата-анасына айыппұл салынды. Сонымен қатар, кәмелетке толмаған балаға және оның отбасына профилактикалық әңгіме жүргізілді.