Ақтау тұрғыны әйелінен 8 млн теңгеге пәтер сатып аламын деп соттан бір-ақ шықты

Автор: Асыл Арман

Оған пәтер сатып алуына байланысты салық органынан хабарлама түскен

Фото: ЖИ арқылы жасалды/Google Gemini

Маңғыстау облысында салық органының хабарламасынан кейін Ақтау тұрғыны сотқа жүгінді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Соттың мәліметінше, әңгіме камералық бақылау нәтижелері бойынша жіберілген хабарлама туралы болған. Салық органы жылжымайтын мүлікті сату кезінде меншік иесі мүлік құнының өсімінен түскен кірісті декларацияламаған және жеке табыс салығын төлеуі тиіс деп есептеген.

Болжамды бұзушылық сомасы 887 500 теңгені құрады. Азамат салық органының мұндай шешімімен келіспей, сотқа жүгінді. Отырыс барысында даулы пәтердің ең алдымен талап қоюшы мен оның жұбайына сонау 2004 жылы айырбастау шарты бойынша өткені анықталды. Ол кезде отбасы Ақтаудың 11-шағын ауданындағы пәтерді 27-шағын аудандағы баспанаға айырбастап, 1 миллион теңгеден астам үстеме ақы төлеген.

Кейіннен, 2023 жылы ер адам әйелінен пәтердің оған тиесілі жартысын 8 миллион теңгеге сатып алып, баспананы толығымен өз атына рәсімдеген. Ал 2024 жылы пәтер 16 875 000 теңгеге сатылған.

Бұл ретте салық органы сатудан түсуі мүмкін табысты есептеу кезінде тек пәтердің екінші жартысы үшін төленген 8 миллион теңге сомасын ғана есепке алып, талап қоюшының баспананың жартысына сонау 2004 жылдан бері иелік етіп келгенін назардан тыс қалдырған.

Сонымен қатар, сот атап өткендей, салықты дұрыс есептеу үшін меншік құқығы туындаған сәттегі пәтердің кадастрлық құнын сұратпаған.

Нәтижесінде хабарлама заңсыз деп танылып, күші жойылды. Сот шешімі әлі заңды күшіне енген жоқ. Сондай-ақ жауапкерге қатысты жеке ұйғарым шығарылды.