Жамбыл облысындағы ескі Күйік асуына жарты ғасырдан кейін асфальт төселді

Автор: Асыл Арман

Күйік асуына 50 жылдан кейін ескі күрделі жөндеу жүргізілді

Фото: «ҚазАвтоЖол»

Жамбыл облысындағы Күйік асуының бір бөлігіне жарты ғасырдан кейін барып, алғаш рет асфальт төселді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«ҚазАвтоЖол» мәліметінше, асфальт аймақтағы халықаралық маңызы бар «Ташкент – Шымкент – Тараз – Алматы – Қорғас» автомобиль жолының Күйік асуының ескі бағыты арқылы өтетін 546-557 км учаскесінде төселген.

Аталған учаскеде жүргізілген күрделі жөндеу жұмысы мемлекет басшысының көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту және елдегі автомобиль жолдарының қауіпсіздігін арттыру жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында жүзеге асырылды.

Ескі Күйік асуы халықаралық «Өзбекстан – Қазақстан – Қытай» көлік дәлізінің маңызды бөліктерінің бірі саналады. Бұл бағыт Шымкент пен Тараз қалаларын байланыстырып қана қоймай, Алматы, Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарын жалғайтын негізгі көлік дәліздерінің құрамына кіреді.

«Күрделі жөндеу нәтижесінде 1970-жылдардан бері ауқымды жаңғырту көрмеген жол жабыны толық жаңартылды. Жоба аясында 15 су өткізу құбыры салынды. Бұл жолдың маусымдық жауын-шашынға төзімділігін арттырып, су өткізу жүйесінің тиімділігін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар жол құрылымын қалыптастыру барысында қиыршық тас-құм қоспасы, ірі түйіршікті асфальтбетон және ЩМА-20 маркалы қиыршық-мастикалық асфальтбетон секілді заманауи материалдар қолданылды. Жұмысқа 182 жол маманы мен 150 бірлік арнайы техника жұмылдырылды. Асфальтбетон зауыты үздіксіз режимде жұмыс істеп, жалпы көлемі 130 мың тонна асфальтбетон өндіріліп төселді. Сондай-ақ құрылыс барысында 155 мың текше метр топырақ, 4 мың тонна битум, 3,7 мың тонна цемент және 120 мың тонна қиыршық тас пайдаланылды», – делінген хабарламада.

Ескі Күйік асуының учаскесіндегі жүк көліктерінің орташа тәуліктік қозғалыс қарқыны 2 273 автокөлікті құрайды. Бұл көрсеткіш аталған бағыттың жоғары жүктемесін және жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстарының стратегиялық маңызын айқын көрсетеді.