«Жолаушылар қиындық көріп отыр»: жаңа вице-премьер Алматы вокзалының сиқын көріп, ҚТЖ-ға шүйлікті

Автор: Асыл Арман

Ол «Алматы-1» вокзалына қатысты қала әкімдігіне де тапсырма берді

Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Бірінші вице-премьер Нұрлыбек Нәлібаев «Алматы-1» вокзалына барып, былтыр наурыз айында басталған реконструкциялау жұмысының барысын тексерді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жоба-сметалық құжаттаманы мемлекеттік сараптама порталына жүктеу аяқталғаны туралы мәлімет берілді, бірақ ұйғарым алу 2026 жылдың 11 тамызына қалған.

«Үкімет басшысының Алматы-1 вокзалындағы жаңғыртудың барысын көру тапсырмасымен келгенде, «Қазақстан Темір жолының» жұмысындағы кемшіліктерді байқадық. Вокзалға жаз мезгілінде тәулігіне 12 мың, ал қыста 7 мыңға жуық жолаушы келіп-кетеді. Қазір оларға жыл он екі ай қолайсыз жағдай туындаған. Жоспарланған жұмыс соңына жетпей, жолаушылар қиындық көруде. Алып шаһарда орналасқан аса маңызды нысандағы жұмыс қарқыны мүлдем сын көтермейді. Жазғы демалыс маусымы басталатын уақыт болды. Сондықтан жұмысты жеделдету керек», – дейді Нұрлыбек Нәлібаев.

Ол сөзін жалғай отырып, ҚТЖ басшылығын тиісті тапсырмалар берді.

«Еліміздің тарихында бір мезетте 121 вокзалды жаңғырту жұмыстары бұрын-соңды болмаған. Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасымен қолға алынған осы маңызды жобаны сапалы әрі уақтылы жүзеге асыру керек. «Қазақстан Темір жолы» басшылығына Алматы-1 вокзалындағы жұмысты тез арада аяқтауды тапсырамын. Қала әкімдігі жұмыс барысын, қарқынын күнделікті қадағалауы керек. Бұл мәселе Үкіметтің қатаң бақылауында», – деді премьер-министрдің бірінші орынбасары.

Бірінші вице-премьер мердігер компанияға жоба-сметалық құжаттаманы сараптамадан өткізу ісін жеделдетуді, жабдықтарды дер кезінде жеткізуді, қала әкімдігіне барлық жұмысты бақылауды тапсырды.