Биыл бұл шара бірден екі форматта өтеді
Алматыда өнерге, мәдени жобаларға және көрмелерге деген қызығушылық, әсіресе жастар арасында, күрт артып келеді. Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихатында Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейі директорының орынбасары Мөлдір Бигельдиева 18 мамыр — Халықаралық музей күніне орай дайындалған ауқымды мәдени шаралар жоспарын таныстырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Музейдегі ең ірі мәдени оқиғалардың бірі саналатын дәстүрлі «Музейдегі түн – 2026» акциясы 16 мамыр күні сағат 16:00-ден түнгі 00:00-ге дейін өтеді. Халықаралық музейлер кеңесінің ұсынысымен биылғы кеш «Бөлінген әлемді біріктіретін музейлер» деген тақырыппен ұйымдастырылады.
Жыл сайын 10-нан 15 мыңға дейін көрермен жинайтын бұл шара биыл бірден екі форматта өтеді. Экспозициялық залдарда классикалық көрмелер мен интерактивті жобалар болады. Ал музей ауласында ашық аспан астындағы концерттік және шығармашылық алаңдар ұйымдастырылмақ.
Мереке аясында «Самұрық-Қазына Траст» қорының 10 жылдығына орай музей қорынан «Жеті қазына» көрмесі ашылады. Сондай-ақ қонақтар JUNIOR MODELS SHOW сән көрсетілімін тамашалап, этно-орындаушылар мен театр әртістерінің өнерін тамашалай алады.
Музейдің маркетинг бөлімінің басшысы Оксана Танскаяның айтуынша, бұл жолы ұйымдастырушылар өнердің әртүрлі түрлерін бір шығармашылық кеңістікке біріктіруге басымдық берген.
Қастеев музейі заманауи аудиторияның сұранысына сай цифрландыру жобаларын белсенді дамытып келеді. Бүгінде мұнда мынадай тиімді шешімдер енгізілген. Экспозицияларға біріктірілген QR-кодтар арқылы қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі аудиогидті тегін тыңдауға болады. Сондай-ақ IZItravel платформасы арқылы виртуалды тапсырмалар орындау мүмкіндігі бар.
Акция өтетін күні музей есігі келушілер үшін ашық және кіру тегін болады. Сонымен қатар кешкі сағат 18:00-ден 20:00-ге дейін келген қонақтар үшін қазақ және орыс тілдерінде тегін экскурсиялар жүргізіледі.