Алматыда жасанды интеллект негізіндегі «ақылды» жылу жүйесі енгізіледі

Автор: Дәулет Ботагөз

«Ақылды» жылумен жабдықтау жүйесі 2026 жылдың желтоқсанына қарай толық іске қосылады

Фото: қала әкімдігі

Алматы қаласында коммуналдық инфрақұрылымды цифрландыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Қалалық әкімдігі мен жауапты мекемелердің жоспарына сәйкес, жасанды интеллект технологиясымен жабдықталған «ақылды» жылумен жабдықтау жүйесі 2026 жылдың желтоқсанына қарай толық іске қосылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жаңа технологиялық шешім желілердегі деректерді онлайн-талдау негізінде жұмыс істейді. Бұл жүйеде шұғыл әрекет ету мүмкіндігі бар: жүйе су мен жылудың жылыстауын нақты уақыт режимінде анықтай алады. Сонымен қатар, қашықтан басқару функциясы арқылы ақау шыққан немесе зақымданған желі учаскелерін оператордың тікелей қатысуынсыз өшіруге мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, жүйе шығынды азайтуға бағытталған. Жылу мен су ысырабын айтарлықтай төмендетіп, апаттарды жоюға кететін уақытты қысқартуға ықпал етеді.

Қазіргі уақытта қаладағы жылу нысандарының жұмысын қашықтан бақылау және есептеу құралдарынан мәліметтерді автоматты түрде жинау үшін SCADA және ЛЭРС жүйелері сәтті қолданылып жатыр. Бұл басқарудың дәлдігі мен жүйенің сенімділігін арттыруда.

Жылу желілерімен қатар, елордадан кейінгі ірі мегаполисте газ инфрақұрылымын модернизациялау шаралары қатар атқарылуда. 2026 жылдың соңына дейін бірқатар нақты жұмысты аяқтау жоспарланып отыр. Атап айтқанда, 13,5 шақырым газ құбыры қайта жаңғыртылады. Сонымен қатар, 10 дана шкафтық газ реттегіш пункттері жаңартылып, 16 бірлік электрохимиялық қорғаныс құрылғысы орнатылады.

Сонымен қатар қала маңындағы және жаңадан қосылған шағын аудандардағы тұрғындарды орталық газ желісіне қосу жұмыстары жалғаса береді.