Тастарды бүлдіргендер «Gemini Education» білім беру орталығының оқушылары екені белгілі болды
Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағында вандализм дерегі тіркелді. Бутаковка сарқырамасы маңындағы жартастар мен тастарға «Әділ», «Карина», «Ернар» деген есімдер мен түрлі таңбалар жазылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ұлттық парктің баспасөз қызметі хабарлағандай, табиғатты бүлдірген кінәлі тұлғалар тез арада анықталды. Тастарға жазу жазғандар «Gemini Education» білім беру орталығының оқушылары екені белгілі болды.
Ұлттық парк қызметкерлері жасөспірімдермен жедел түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сұхбаттан кейін оқушылар өз әрекеттерінің заңсыз әрі ерсі екенін түсініп, аумақты тазарту жұмыстарына тартылды.
Жасөспірімдер өздері салған жазуларды тастардан толықтай өшіріп, сарқырама маңындағы учаскені бастапқы қалпына келтірді. Сондай-ақ олар табиғи нысанға нұқсан келтіргендері үшін көпшіліктен ресми түрде кешірім сұрады.
«Іле-Алатау ұлттық паркі табиғи аумақтардың баршаға ортақ байлық екенін ескертеді және қоршаған ортаға ұқыптылықпен қарауды сұрайды», — деп атап өтті мекеме өкілдері.