Сот құқық бұзушылықтың қоғамдық қауіптілік деңгейін ескере отырып, тиісті жаза тағайындады
Қарағанды қаласында жол қозғалысы ережесін өрескел бұзып, өзге де көліктерге қауіп төндірген екі жүргізуші сот шешімімен қамауға алынды. Сонымен қатар, олардың бірі жарты жылға көлік басқару құқығынан айырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі соттың мәліметінше, оқиға 30 сәуір күні күндіз болған. Toyota және Geely Okavango көліктерін тізгіндеген А. және С. есімді азаматтар Кеншілер даңғылында жол ережесін әдейі бұзған.
Олар қауіпті маневрлер жасап, апаттық жағдай туғызған, сондай-ақ жолаушылардың терезе мен люктен денесін шығарып жүруіне жол берген. Оған қоса, жүргізушілердің бірі Гапеев көшесінде қос тұтас сызықты кесіп өтіп, қарсы бағытқа шығып кеткен.
Қос жүргізушінің кінәсі олардың өз мойындауымен, бейнежазбалармен және істің басқа да материалдарымен толық дәлелденді. Сот құқық бұзушылықтың қоғамдық қауіптілік деңгейін ескере отырып, тиісті жаза тағайындады. Атап айтқанда, А. есімді азамат 5 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынды. Ал С. есімді азамат ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 5 тәулікке қамалып, қарсы бағытқа шыққаны үшін 6 ай мерзімге жүргізуші куәлігінен айырылды.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабы, 1-бөлігі бойынша 20 АЕК айыппұл, қоғамдық жұмыстар немесе 5-тен 15 тәулікке дейін қамау жазасы қарастырылған. Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.