Қостанай облысында алаяқтық жолмен рәсімделген 198 несие бойынша төлемдер тоқтатылды

Автор: Дәулет Ботагөз

Облыстық прокуратура «Алаяқтардан қорғау» жобасын жүзеге асыруда

Фото: © istockphoto.com

Қостанай облысында тергеу амалдары барысында зардап шеккен азаматтардың құқықтарын қалпына келтіру мақсатында екінші деңгейлі банктер жыл басынан бері 198 несие бойынша төлемдерді тоқтатты. Алаяқтық жолмен рәсімделген бұл несиелердің жалпы сомасы 485 миллион теңге, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Өңірде алаяқтықтың алдын алу, оған қарсы іс-қимыл таныту және тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында Қостанай облысының прокуратурасы құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, «Алаяқтардан қорғау» жобасын жүзеге асыруда.

Жоба аясында алаяқтардың қылмыстық схемаларына қатысып, ақша қаражатын аударумен айналысқан тұлғаларға қатысты заң аясында тиісті шаралар қабылданды. Атап айтқанда, сот шешімімен 318 дропперден 388 миллион теңге көлеміндегі негізсіз табыс мемлекет пайдасына өндірілді. Сонымен қатар, алаяқтық әрекеттері үшін 39 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Бұдан бөлек, қылмыстық ақшаны қолма-қол ақшаға айналдыру немесе өзге шоттарға аудару түріндегі дропперлік қызметі үшін тағы 3 адам заң алдында жауап берді.

Қабылданған кешенді шаралардың нәтижесінде Қостанай облысында қылмыс деңгейінің оң динамикасы байқалады. 

«Өңірде алаяқтық деректері жалпы алғанда 21,1% төмендеді (көрсеткіш 795-тен 625-ке дейін азайды). Оның ішінде, бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі саналатын интернет-алаяқтық қылмыстары 653-тен 517 дерекке дейін азайды», — деп атап өтті Бас прокуратура өкілдері.