25 ақпанда ата-аналарға бағаның өсетіні туралы ресми хабарлама таратылған
Алматы тұрғындары жекеменшік мектептердің бірінде оқу құнының күрт өсуіне наразылық білдірді. Жаңа оқу жылынан бастап ата-аналарға әр бала үшін айына шамамен 400 мың теңгеге жуық қаражат төлеуге тура келмек, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Наразы топ білім ошағының ғимараты алдына жиналып, мектеп әкімшілігінен түсініктеме талап етті. Ата-аналардың айтуынша, қыркүйек айынан бастап оқу ақысы бірден көтеріледі.Мектептен келген хабарлама оларды шошытқан.
«Бізге тамақтануын қосқанда айына 380 мың теңге төлеуіміз керек деген хабарлама келді. Бұл іс жүзінде бағаның 2 еседен астам қымбаттағанын көрсетеді», — деді қала тұрғыны Анна Шувалова.
Тағы бір ата-ана Құралай Әлиева баласын бұл мектепке өткен жылы ғана ауыстырған. Ол кезде ай сайынғы төлем 208 мың теңге болған. Ал 25 ақпанда ата-аналарға бағаның өсетіні туралы ресми хабарлама таратылған. Оқу құны бірден 83% қымбаттап, 380 мың теңгеге жеткен. Наразы тұрғындар мектеп басшылығының үстінен сотқа шағым түсіруді жоспарлап отыр. Ата-аналар балаларын басқа мектепке ауыстырғысы келмейді, өйткені олар оқу орнының орналасқан жеріне және мұғалімдер құрамына үйреніп қалған.
Наразы топтың алдына шыққан мектеп өкілі нақты жауап берген жоқ. Ол ресми хатқа заңгерлер дайындаған жазбаша жауап шамамен 19 мамырда берілетінін айтты.
«Мен айттым ғой, заңгерлеріміз дайындаған соң жауап береміз. Бізде жұмыс көп екенін түсінулеріңіз керек. Көп рақмет, сау болыңыздар», — деп қысқа қайырды мектеп өкілі.
Алматы қалалық Білім басқармасы бұл жағдайға ықпал ете алмайтынын жеткізді. Мекеменің мәліметінше, жекеменшік білім беру ұйымдары заң бойынша қызмет көрсету бағасын өздері белгілеуге құқылы.
Мұндай даулы жағдайда заңгерлер ең алдымен мектеппен жасалған келісімшартты мұқият оқып шығуды ұсынады. Егер құжатта көрсетілген шарттар бұзылса, құзырлы органдарға жүгіну қажет.
Заңгер Арман Шәріповтың айтуынша, мәселені шешу үшін нақты бір алгоритмді ұстану қажет. Ең алдымен, мектеп орналасқан аудан бойынша прокуратураға шағым түсіру ұсынылады. Одан кейін Оқу-ағарту министрлігінің өңірлік Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментіне ресми түрде жүгіну қажет. Сондай-ақ, жолданатын өтініш жеке емес, наразы ата-аналардың бірігіп қол қойған ұжымдық шағым түрінде берілуі тиіс.