Елде жан басына шаққандағы тәуліктік су тұтыну көлемі 3 397 литр
Қазақстан Орталық Азия мемлекеттерінің ішінде жан басына шаққандағы су тұтыну көлемі бойынша ең төменгі көрсеткішті көрсетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сарапшылардың мәліметінше, Қазақстанда бір адамға шаққандағы судың орташа тәуліктік шығыны шамамен 3 397 литр. Бұл көршілес елдермен салыстырғанда әлдеқайда аз.
Орталық Азияның өзге мемлекеттерінде бұл көрсеткіш айтарлықтай жоғары. Мәлімет бойынша, Қырғызстанда бір тұрғын күнделікті 4 153 литр су жұмсаса, Тәжікстанда бұл көрсеткіш 4 460 литрге жетеді. Ал Өзбекстан халқы әр адамға шаққанда тәулігіне 4 778 литр су тұтынады. Түрікменстандағы жағдай тіптен бөлек. Мұнда жан басына шаққандағы тәуліктік су шығыны 15 445 литрді құрап отыр. World Population Review мәліметінше, бұл көрсеткіш Түрікменстанды суды күнделікті тұтыну көлемі бойынша әлемде бірінші орынға шығарды.
Мамандар бұл көрсеткіштерге тек үйдегі тұрмыстық су ғана емес, өнеркәсіп, энергетика және ауыл шаруашылығындағы шығындар да кіретінін түсіндірді. Өңірдегі су тұтыну көлемінің артуына бірнеше негізгі фактор әсер етіп отыр. Ең алдымен, ауыл шаруашылығы саласы мен суару жүйелеріне жүктеме жоғары. Елде мақта, күріш секілді ылғалды көп қажет ететін дақылдар кең көлемде өсірілетіндіктен, судың басым бөлігі ирригациялық мақсатқа жұмсалады. Сонымен қатар, жартылай шөлді әрі құрғақ климат жағдайы, әсіресе жаз мезгілінде, суға деген сұранысты бірнеше есе арттырады. Бұдан бөлек, инфрақұрылымның тозуы да өзекті мәселе болып отыр. Көптеген елде ескірген арналар мен су құбырларының салдарынан су тасымалдау кезінде айтарлықтай шығын болады.
Еуропа елдерінде жан басына шаққандағы су тұтыну деңгейі Орталық Азиямен салыстырғанда өте төмен. Мысалы, Германияда тәулігіне бір адамға 856 литр, Австрияда 1 144 литр, ал Францияда 1 236 литр су жұмсалады. Еуропалық дамыған мемлекеттер ішінде тек Финляндияның көрсеткіші ғана (3 414 литр) Қазақстан деңгейіне жақын.