Онда екі тұрғын үй кешенінің құрылысы рұқсат құжаттарынсыз жүргізілгені анықталды
Елордадағы құрылыс алаңдарында сәулет басқармасы, «Астана Бас жоспары» ЖШС және Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы бірлескен тексеріс жүргізді. Тексеру барысында бірнеше заңбұзушылық белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Прокурорлардың мәліметінше, Ш. Айтматов көшесі, 24/8 учаскесіне жақын маңда кіріктірілген үй-жайлары мен паркингі бар көппәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысы жүріп жатқаны анықталды.
«Тексеру нәтижесінде бұл нысандағы құрылыс-монтаждау жұмыстары сараптаманың оң қорытындысынсыз және жұмыстардың басталғаны туралы хабарламасыз жүргізіліп жатқаны белгілі болды», — деп атап өтті Бас прокуратура.
Осыған ұқсас келесі заңбұзушылық Ш. Айтматов пен Е164 көшелерінің қиылысында тіркелді. Мұнда кіріктірілген үй-жайлары, медициналық орталығы және паркингі бар көппәтерлі тұрғын үй кешені бой көтеріп жатыр. Құрылыс нысанына жүргізілген тексеру барысында бірқатар заңбұзушылық анықталды. Атап айтқанда, жер учаскесіне қатысты құқық белгілейтін құжаттар болмаған. Сонымен қатар, жобалау-сметалық құжаттама әзірленбеген және міндетті сараптама қорытындысы алынбаған. Бұдан бөлек, құрылыс-монтаждау жұмыстарын бастау туралы тиісті хабарлама уәкілетті органдарға жолданбаған.
Бас прокуратура бұған дейін құрылысты тоқтату туралы ескерту алса да, заң талаптарын елемей, жұмысын жалғастыра берген заңсыз құрылыс салушыларға ерекше назар аударылып жатқанын жеткізді.
Қазіргі уақытта елорданың қала құрылысы саласында тәртіп орнату және заңсыз нысандардың жолын кесу мәселесі прокуратураның тұрақты бақылауында.