Құжатта қаланы кешенді дамыту тетіктері жазылған
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Нұртай Сабильянов «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы» Конституциялық заң жобасы бойынша қосымша баяндама жасап, құжат елорданың құқықтық мәртебесін жаңа деңгейде айқындауға бағытталғанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның сөзінше, заң жобасы жаңа Конституцияның 2-бабы 4-тармағын іске асыру үшін әзірленген. Құжаттың негізгі мақсаты – астананың мәртебесін жүйелі құқықтық реттеу, қалалық ортаның сапасын арттыру, тұрғындардың өмір сүру жайлылығын жақсарту және мемлекеттік басқарудың тиімділігін күшейту.
Заң жобасында Астананың республиканың саяси, әкімшілік, мәдени және экономикалық орталығы ретіндегі рөлі нақтыланады. Сонымен қатар елорданың халықаралық қатынастар орталығы ретіндегі әлеуетін дамыту, әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылымдық бәсекеге қабілеттілігін арттыру көзделген.
Құжатқа сәйкес, астана мәслихаты мен әкімдігіне қала құрылысы, көші-қон, экология, көлік және жол қозғалысын ұйымдастыру салаларында қосымша өкілеттіктер беріледі. Мәслихат астананың әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламаларын, бюджет пен оның орындалуы туралы есепті, сондай-ақ қала құрылысы регламенті мен жол жүрісін ұйымдастырудың кешенді схемасын бекітеді.
Заң жобасында астананың аумағы мен қала маңы аймағын айқындау мәселесі де қарастырылған. Қала маңы аймағының шекарасы мен көлемін Үкімет астана және облыс мәслихаттары мен әкімдіктерінің бірлескен ұсыныстары негізінде белгілейді.
Сондай-ақ құжатта қаланы кешенді дамыту тетіктері енгізілген. Атап айтқанда, Астананың бірыңғай сәулеттік келбетін қалыптастыру, дизайн-код талаптарын енгізу, инфрақұрылымды дамыту және қала маңы аймағын реттеу мәселелері қамтылған.
Депутаттың айтуынша, елордада құрылыс жұмыстары бас жоспар мен мемлекеттік нормативтерге қатаң сәйкестікте жүргізілуі тиіс. Қаладағы сәулет пен қоғамдық кеңістікті дамытуға арналған заманауи стандарттарды енгізу жалғасады. Сонымен қатар құрылыс саласындағы мәселелерді үйлестіру үшін қала құрылысы кеңесі құрылып, оның жұмысына сарапшылар мен қоғамдық ұйымдар тартылуы мүмкін.
Көлік саласына қатысты нормалар да заң жобасының маңызды бөлігіне айналған. Құжатта көше-жол желісінің өткізу қабілетін арттыру, көлік инфрақұрылымын жетілдіру, тұрақты қалалық ұтқырлықты дамыту және интеллектуалды жол қозғалысы жүйелерін енгізу көзделген. Бұл жұмыстарды Жол жүрісін ұйымдастыру орталығы үйлестірмек.
Нұртай Сабильяновтың мәліметінше, заң жобасына қазірдің өзінде 43 түзету келіп түскен. Олар Конституция талаптарына сәйкестендіру және жекелеген нормаларды нақтылау мақсатында енгізілген. Барлық ұсыныстар екінші оқылымға дейін қаралады.
Депутат әріптестерін «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы» Конституциялық заң жобасын бірінші оқылымда қолдауға шақырды.
Парламент палаталарының заң жобасы жөніндегі бірлескен комиссиясының құрамына Мәжілістен депутаттар Нұртай Сабильянов, Мархабат Жайымбетов, Болатбек Нажметдинұлы және Нұрсұлтан Байтілесов, Сенаттан депутаттар Сүйіндік Алдашев, Евгений Больгерт, Талғат Жүнісов және Сағындық Лұқпанов кірді. Комиссия төрағасы болып Нұртай Сабильянов сайланды.