Заң жобасын екінші оқылымда қарау үшін арнайы комиссия құрылды
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ерлан Саиров «Қазақстан Халық кеңесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының жобасы бойынша қосымша баяндама жасады. Парламенттің қос палатасының депуттары конституциялық заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Жаңа Конституциядағы новелланың бірі - азаматтардың мемлекет ісіне тікелей араласуға мүмкіндік беретін «Қазақстан Халық Кеңесі» институты. Қасым ханның қасқа жолында «Абыз болсын, Абызды сыйлайтын халық болсын» деген постулат болған. «Қазақстан Халық Кеңесі» бүгінгі заманғы ұлт Абыздарының институты. «Қазақстан Халық Кеңесінің» құрылуы қазақ халқының ежелгі дала демократиясы бабтарын бүгінгі саяси институттарға имплементация жасау. Бұл қадам мыңдаған жылдық дәстүрі бар дала демократиясы дәстүрін қайта түлету қадамы», - деді Саиров.
Депутаттың айтуынша, жаңа Конституцияның өзегі саяси-рухани ұлттық кодты жағартудың формасы.
«Заң жобасында «Қазақстан Халық Кеңесінің» мәртебесі Қазақстан Республикасы халқының мүдделерін білдіретін жоғары конституциялық консультативтік орган ретінде қарастырылған. Заң жобасы 3 тараудан және 23 баптан тұрады және Қазақстан Халық Кеңесінің ұйымдастырылуы мен қызметінің мәселелерін реттейді», - деді ол.
Оның айтуынша, ішкі саясаттың негізгі бағыттары бойынша ұсыныстар әзірлеу, Құрылтайға заң жобаларын енгізу, республикалық референдум өткізуді бастамалау, сондай-ақ мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы диалогты қамтамасыз ету заң жобасында қарастырылған.
«Заңға сәйкес Қазақстан Халық Кеңесі Ұлттық Мәдени орталықтар, Қоғамдық ұйымдар, аймақтардағы мәслихаттар мен Қоғамдық Кеңес өкілдерінен тең дәрежеде қалыптасады. Қазақстан Халық Кеңесі кемінде жылына бір рет шақырылатын Қазақстан халық кеңесінің Сессиясы және Қазақстан Халық Кеңесінің төралқасынан тұрады. Сонымен қатар, комитеттер, комиссиялар және жұмыс топтарын құру мүмкіндігі көзделеді. Қазақстан Халық Кеңесінің құрамын қалыптастыру тәртібі, оның мүшелеріне қойылатын талаптар, олардың құқықтары мен міндеттері, сондай-ақ мүшелерінің өкілеттіктерін тоқтату тетіктері жеке регламенттелген», - деді ол.
Парламент палаталарының заң жобасы жөніндегі бірлескен комиссиясының құрамына Мәжілістен депутаттар Ерлан Саиров, Аманжол Әлтай және Наталья Дементьева, Сенаттан депутаттар Нұртөре Жүсіп, Нурия Ниязова және Алишер Сатвалдиев кірді. Комиссия төрағасы болып Нұртөре Жүсіп сайланды. Осы комиссия заң жобасын екінші оқылымға дайындайды.