Қызылорда қаласында «AMANAT» партиясы жанындағы Саяси менеджмент академиясы жергілікті жерлерде кәсіби әрі тиімді басқарушы буынды қалыптастыру мақсатында ауылдық округ әкімдерін, мәслихат депутаттарын және бастауыш партия ұйымдарының өкілдерін оқыту жұмысын бастады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «AMANAT» партиясы баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Көшбасшылық қабілеттерді дамыту мен мемлекеттік басқару сапасын арттыруға бағытталған жаңа модульдік бағдарламаға 130 адам қатысуда.
Іргелі іс-шараға Саяси менеджмент академиясының директоры Тамара Дүйсенова, Қызылорда облыстық мәслихатының төрағасы Мұрат Тлеумбетов, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет және «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай қатысты.
Өз кезегінде, Тамара Дүйсенова «AMANAT» партиясы мемлекеттік саясатты тиімді жүзеге асыратын және қоғамның өзекті сұраныстарына жедел жауап беретін білікті кадрларды даярлау ісіне көп күш салып келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ ол аталған оқу бағдарламасы қатысушылардың өңірдегі әлеуметтік маңызы бар міндеттерді тиімді шешуіне мүмкіндік беретінін жеткізді.
«Бұл жоба партияның кадрлық активінің функционалдық құзыреттерін дамытуға бағытталып отыр. Оның басты мақсаты – жергілікті жерлерде кәсіби әрі тиімді басқарушы буынды қалыптастыру. Жаңа бағдарлама қатысушылардың басқарушылық қабілеттерін арттырып, көшбасшылық қасиеттерін дамытуға, стратегиялық ойлау мен мемлекеттік жобалық басқару дағдыларын меңгеруге мүмкіндік береді», – деді Тамара Дүйсенова.
Осы орайда, Қызылорда облыстық мәслихатының төрағасы Мұрат Тлеумбетов оқу семинары жергілікті басқару жүйесіндегі кәсіби кадрлардың біліктілігін арттыруға бағытталған маңызды алаң екенін атап өтті.
«Бүгінде өңірлерді дамыту, тұрғындармен тиімді байланыс орнату және нақты нәтижеге бағытталған басқару тәсілдері қолдану – аса маңызды. Сондықтан бұл оқу бағдарламасы ауыл әкімдері мен мәслихат депутаттарының, партия өкілдерінің жаңа көзқарас қалыптастырып, басқарушылық және көшбасшылық қабілеттерін дамытуына мүмкіндік береді. Осы семинарға қатысып жатқан депутаттарымыздың алған білімі алдағы уақытты тиімді жұмыс істеуге негіз болады деген сенімдемін», – деді облыстық мәслихат төрағасы.
Айта кетейік, оқу семинары үш күнге жоспарланып отыр. Оған ауыл әкімдері, мәслихат депутаттары, партияның аймақтық және аумақтық филиалдарының қызметкерлері, сондай-ақ бастауыш партия ұйымдарының өкілдері қатысуда.
Олар Саяси менеджмент академиясының арнайы лекторларынан «Жеке көшбасшылық және құндылық бағдары», «Өңірлер мен жергілікті қауымдастықтардың дамуын басқару», «Даму үшін салықтар: түсімдер базасынан жергілікті деңгейдегі нәтижеге дейін», «Бюджеттік вертикаль: республикадан ауылға дейін», «Халықпен және командамен тиімді коммуникациялар», «Саяси науқандар: позициялаудан сенім мен қолдауға дейін» тақырыптары бойынша білім алады.
Қатысушылар нақты көрсеткіштерге (KPI) негізделген жеке даму жоспарларын әзірлейді. Бұл жергілікті деңгейде шешім қабылдау сапасын арттыруға, азаматтардың сұраныстарына жедел әрекет етуге және басқару тиімділігін күшейтуге мүмкіндік береді.