Көкшетауда әйелді басып кеткен көліктің иесі 5 жылға дейін сотталуы мүмкін

Автор: Аягөз Құрмаш

Жүргізушінің өзіне қатысты да қылмыстық іс қозғалған

Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

Көкшетау қаласында жаяу жүргіншіні көлікпен қағып, оның өліміне себеп болған әйел жүргізушінің жұбайы бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мәжіліс кулуарында көлік құралын заңсыз басқаруға берген адамға қатысты да қылмыстық іс қозғалғанын айтты.

«Көлік құралын заңсыз басқаруға берген адамның үстінен Қылмыстық кодекстің 349-бабы бойынша қосымша қылмыстық іс қозғалды. Ол – күдіктінің жұбайы. Қазір қажетті тергеу әрекеттері жүріп жатыр. Аталған бап бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады. Соңғы шешімді сот қабылдайды», – деді Әділов Мәжілістің кулуарында.

Сонымен қатар, әйел жүргізушінің өзіне қатысты да Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Қазір іс бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр.