Енді мұғалім мектептен кейін оқушының өмірі үшін жауапты болмайды – заң Сенатқа жолданды

Автор: Аягөз Құрмаш

Заң жобасы Сенатқа жолданды 

Фото: freepik.com

Мәжіліс «Педагог мәртебесі, білім беру, денсаулық сақтау және бала құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі» Заңды, сондай-ақ Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске ілеспе түзетулерді екінші оқылымда қабылдады. Бұл заңдар депутаттардың бастамасымен Мемлекет басшысының педагогтердің құқықтары мен мүдделерін заңнамалық деңгейде қорғауды күшейту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында әзірленді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ос өзгерістерге сай, енді мұғалімдер оқушы үшін тек мектепте ғана жауапты болады. Балалардың өмірі, денсаулығы мен қауіпсіздігіне қатысты ата-аналардың жауапкершілігі күшейіп отыр. 

Сонымен қатар, педагогтер бір есепті қағаз жүзінде де, электрондық форматта да жазуға міндетті болмайды. Орта білім беру ұйымдарында ұялы құрылғыларды пайдаланудың бірыңғай қағидалары енгізіліп, мектеп оқушыларын ғылыми қызметке тарту бойынша әкімдіктер деңгейінде қосымша шаралар қарастырылды.

Үкіметтің бастамасы бойынша заңға Қазақстан аумағында жетекші шетелдік университеттердің қызметіне қолайлы жағдай жасауға және олардың тиімді жұмыс істеуіне бағытталған құқықтық реттеу нормалары енгізілді. Шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдары Қазақстан Республикасының мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының талаптары сақталған жағдайда ғана ашылады.

Түзетулердің жеке блогы жоғары медициналық білім беру жүйесін жетілдіруге бағытталды. Осыған байланысты интеграцияланған медициналық білім беру моделіне көшу ұсынылды. Ол жоғары оқу орнында 6 жыл оқу мен 1 жыл толыққанды интернатурадан өтуді көздейді. Оқу бітірген түлектер медициналық тәжірибемен айналысу құқығына ие болады, ал интернатура клиникалық тәжірибе кезеңі ретінде қарастырылады.