Балалар лагеріндегі қауіпсіздік: депутат өткен жылғы былықтан кейін Үкіметке талап қойды

Автор: Асыл Арман

Депутат премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға сауал жолдады

Фотоколлаж: ЖИ арқылы жасалған, Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Темір Қырықбаев премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға балалардың жазғы демалыс лагерьлерінің жағдайы мен қауіпсіздігіне қатысты депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Депутаттың айтуынша, жаз мезгілінде еліміз бойынша ондаған мың бала жазғы демалыс лагерьлерінде тынығуды жоспарлайды, алайда бұл салада жүйелі мәселелер жетерлік.

«Құрметті Аида Ғалымқызы! Жыл сайын жаз мезгілінде Қазақстанның түкпір-түкпірінен ондаған мың бала жазғы демалыс лагерьлерінде тынығуды жоспарлайды. Бұл кезең – балалар үшін ерекше қуанышты сәт, жаңа достық пен жаңа әсерлерге толы уақыт. Сондықтан балалар лагері сапалы жұмыс істеп, олардың қауіпсіздігін толық қамтамасыз етіп, жан-жақты дамуына қажетті барлық жағдайды жасауы аса маңызды. Алайда осы салада қордаланған мәселелер аз емес», – деді депутат.

Ол соңғы жылдары болған бірқатар даулы жағдайды мысалға келтіріп, тоқталып өтті.

«Соңғы жылдардағы бірқатар даулы жағдайларға тоқталсақ: Алматы қаласындағы «Арман дала» лагерінде аумақта сауна, мейрамхана, компьютерлік клуб жұмыс істеген. Балалар еденде ұйықтауға мәжбүр болып, ұлдар мен қыздар бір бөлмеге орналастырылған. Маңғыстау облысындағы «Айналайын» лагері («Өзенмұнайгаз» қызметкерлерінің балалары үшін) – орын тапшылығы салдарынан балалар екі адамнан бір төсекте немесе еденде ұйықтаған. Қауіпсіздік нормалары өрескел бұзылған. Түркістан облысындағы «Арман» лагерінен 400 бала ата-аналардың жаппай наразылығы мен жағдайдың қанағаттанарлықсыз болуына байланысты мерзімінен бұрын эвакуацияланған. Шымкент қаласындағы «Үш бұлақ» лагерінде белгіленген сыйымдылық нормасы асыра орындалған», – деді ол.

Депутат мұндай жағдайлардың жүйелі сипат алғанын атап өтті.

«Мұндай фактілердің жиі қайталануы бұл салада жүйелі проблемалардың бар екенін көрсетеді. «AMANAT» партиясы Сайлауалды бағдарламасы аясында бұл бағыт негізгі бағыттар ретінде белгіленген. Қауіпсіздік пен сапаны қамтамасыз ету мақсатында депутаттар балалар лагерлерін лицензиялау бойынша түзетулерді қолдады. Лицензиялау 2026 жылғы 1 сәуірінен бастап енгізілді. Заң бар, басымдық белгіленген. Ендігі міндет – осының барлығын нақты әрі тиімді іске асыру», – деді депутат.

Оның айтуынша, балалар лагері тек демалыс орны ғана емес, маңызды тәрбиелік орта болып табылады.

«Балалар лагері – тек демалыс орны емес. Ол – тұлға болып шыңдалатын, мінезі жан-жақты дамитын, әлеуметтік дағдылары қалыптасатын орта. Алайда, көптеген ата-аналар балалардың мектеп жанындағы лагерінен басқа балаларды жіберетін жер жоқ, жолдаманың бағасы ұдай қымбат, бірақ сапасына кепілдік бермейді және де баланы басқа аймаққа жіберу керек, өйткені тұратын жерінде балалар лагерлері жоқ деп шағымданады», – деді ол.

Депутат осыған байланысты лицензияланған ұйымдар туралы ақпарат беруді сұрады.

«Жоғарыда айтылғанға байланысты қандай білім беру-сауықтыру ұйымдары лицензиялаудан өтті және қызмет көрсетуге дайын екендігі туралы ақпарат беруді сұраймыз. Мектеп жанындағы лагерьлерді қоспағанда, өңірлерді балалар демалысы ұйымдарымен қамтамасыз ету бойынша талдау жүргізіп, өзекті ақпарат берілсін», – деді ол.

Депутат сөз соңында Үкіметке бірқатар нақты ұсынысын жеткізді.

«Біріншіден. Бала құқықтары жөніндегі уәкілдердің, жұртшылықтың және ата-аналар қауымдастығының қатысуымен лицензиялау жүйесіне жатпайтын балалар лагерлеріне тұрақты тәуелсіз мониторинг енгізу. Екіншіден. Балалардың лагерде демалуы кезінде қауіпсіздік талаптарын бұзғаны үшін бақылаушы органдар басшылары мен лагерь иелерінің дербес жауапкершілігін белгілеу. Үшіншіден. Балалардың бос уақытын ұйымдастыруға бөлінетін бюджет қаражатын жұмсаудың ашықтығын қамтамасыз ету», – деп түйіндеді депутат.