Қазақстанда спутниктік интернет пойыздар мен тасжолдарда қолжетімді болады

Автор: Аягөз Құрмаш

Алғашқы кезең ретінде Алматы-Астана бағыты бойынша республикалық тасжолда жұмыс жүргізіліп жатыр

Фото: Azattyq Ruhy, Әбілқасым Есентаев

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Әбутәліп Мүтәлі спутниктік интернеттің қосылуы жайлы айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Осы заң арқылы біз спутниктік интернеттің Қазақстан аумағында жұмыс істеуін реттеп отырмыз. Оның реттелуі ең алдымен Қазақстанның киберқауіпсіздік заңнамаларының талаптарына сай болуы қажет деген қағидаға негізделеді. Яғни олар ел аумағында жұмыс істеген кезде ұлттық қауіпсіздік талаптарын сақтауы тиіс және қажет болған жағдайда өздерінің жерүсті инфрақұрылымын, антенналарын Қазақстан аумағында орналастыруы керек», – деді Әбутәліп Мүтәлі Мәжілістің кулуарында.

Депутат атағандай, Қазақстан аумағында тыйым салынған сайттар мен қосымшалар бар екенін ескере отырып, олардың қолжетімділігі де осы заң аясында реттеледі.

«Қазіргі таңда Қазақстанда жұмыс істеуге рұқсат берілетін және берілмейтін сервистерге қатысты талаптар осы жаңа құқықтық тетік арқылы қатаңырақ бақыланады. Бүгінде біз спутниктік интернет операторларымен, соның ішінде Starlink желісімен келісімшарттарға қол қою кезеңіндеміз. Алдағы уақытта Amazon компаниясының да спутниктік интернет желісі және басқа да, соның ішінде қытайлық операторлар нарыққа кіруі мүмкін», – деді депутат.

Оның айтуынша, бұл жүйе тек бір компанияға ғана емес, жалпы спутниктік интернет нарығын қамтиды.

«Болашақта мұндай интернет пойыздарда, ұшақтарда және республикалық жолдарда да қолжетімді болады. Қазіргі жоспар бойынша құзыретті органның мәліметіне сәйкес, осы жылдың соңына дейін пойыздарда интернет іске қосылады, ал республикалық тасжолдарда 2026 жылдың соңына дейін толық қамту жоспарланып отыр. Бүгінде алғашқы кезең ретінде Алматы-Астана бағыты бойынша республикалық тасжолда жұмыс жүргізіліп жатыр», – деді Әбутәліп Мүтәлі.