Құралайдың салқыны: алдағы күндері Қазақстанда 6 градус үсік болады

Автор: Асыл Арман

Синоптиктердің болжамы белгілі болды

Фото: ЖИ арқылы жасалды/Google Gemini

«Қазгидромет» РМК алдағы үш тәулікке арналған ауа райы болжамын жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Синоптиктердің мәліметінше, алдағы күндері Қазақстан аумағындағы ауа райына екі барикалық құрылым әсер етеді. Елдің батыс және оңтүстік өңірлері оңтүстік циклонның ықпалында болады. Бұл аймақтарда өткінші жаңбыр жауып, найзағай күтіледі, сондай-ақ күндізгі ауа температурасы +27…+35 градусқа дейін жоғарылайды.

Республиканың қалған бөлігінде суық антициклон өз әсерін сақтайды. Түнгі уақытта солтүстік, шығыс және орталық өңірлерде 1-6 градусқа дейін үсік күтіледі. Ал күндіз бұлттылықтың аз болуына байланысты ауа температурасы +12…+28 градустан +20…+30 градусқа дейін көтеріледі.

«Республика бойынша желдің күшеюі күтіледі, ал оңтүстік өңірлерде шаңды дауыл болуы мүмкін. Түнгі және таңертеңгі сағаттарда солтүстік, шығыс өңірлерде және оңтүстік-шығыстың таулы аудандарында тұман күтіледі», – делінген синоптиктер болжамында.