Біліктілікті арттыруға бағытталған оқуды «AMANAT» партиясының Саяси менеджмент академиясы ұйымдастырған
Батыс Қазақстан облысы Орал қаласында «AMANAT» партиясы Саяси менеджмент академиясының ұйымдастыруымен функционалдық құзыреттерді дамытуға арналған үш күндік модульдік оқу жұмысы басталды. Оған жалпы саны 110 адам қатысып, біліктілігін арттырып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Айта кетейік, бұған дейін «AMANAT» партиясы саяси ұйымның кадрлық активінің функционалдық құзыреттерін дамытуға бағытталған жаңа жобаны қолға алған болатын. Жоба жергілікті жерлерде кәсіби әрі тиімді басқарушы буынды қалыптастыруды көздейді. Мұндағы басты мақсат – өңірлердегі өзекті мәселелерді жедел шешуге, азаматтармен ашық әрі сындарлы диалог орнатуға қабілетті жаңа форматтағы басқарушы кадрлар корпусын қалыптастыру.
Өз кезегінде, «AMANAT» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Мұрат Мұқаев модульдік оқу жұмысының мәні мен маңызына тоқталды.
«Оқу курсына барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, ауылдық округ әкімдері және бастауыш партия ұйымдарының белсенділері қатысып жатыр. Алдағы уақытта олар тұрғындармен тығыз қарым-қатынас орнату негіздерін жетілдіреді. Сондай-ақ осы оқу барысында жаңа тақырыптарды меңгеруге де мүмкіндік жасалған», – деді ол.
Осылайша, Саяси менеджмент академиясының мамандары, кәсіби лекторлары дәріс оқып, қатысушылардың функционалдық құзыретін дамытуға және біліктілігін арттыруға күш салады.
Осы орайда, «AMANAT» партиясының Ұйымдастыру және аумақтық жұмыс департаменті директорының орынбасары Жандос Қалтаев оқу жұмысы барысында теория мен тәжірибеге айрықша мән берілетінін мәлімдеді.
«Оқу барысында тек теориялық материалдармен шектелмей, тәжірибеге негізделген ұтымды тәсілдер туралы айтамыз. Тұрғындармен, сайлаушылармен жүйелі әрі тиімді жұмыс істеу, өңірдің әл-ауқатын арттыру, аймақтардағы проблемаларды шешу мәселелеріне баса назар аударылады», – деді ол.
Бұл ретте, Тасқала аудандық мәслихатының төрағасы, «AMANAT» партиясының мүшесі Жанар Бисенғалиева модульдік оқу жұмысы тақырыптарына тоқталды.
«Бүгін «AMANAT» партиясы ұйымдастырған оқу жұмысына қатысып отырмыз. Аудандық мәслихат депутаттары ретінде «Жеке көшбасшылық және құндылық бағдарлары» және «Өңірлік дамуды басқару» тақырыптарын қамтыған модульдерде біліктілігімізді арттырып жатырмыз. Бұл – аудан аумағында, ауылдық округтермен жұмыс істеу барысында қолдануға мүмкіндік беретін маңызды тақырыптар. Оқудың алғашқы күні мазмұнды мағлұматтар алдық», – деді ол.