Оған қатысты үкім шықты
Жетісу облысында Үштөбе қаласының тұрғыны полиция қызметкеріне шабуыл жасағаны үшін сотталып кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қаратал ауданында билік өкіліне қатысты өмірімен денсаулығына қауіпті емес күш қолданған Үштөбе қаласының тұрғынына үкім шықты.
Оқиға учаскелік инспектордың «102» пультіне түскен шақырту бойынша барған кезінде болған. Заң талаптарын орындаудың орнына, ер адам агрессия танытып, полиция қызметкерінің бетінен алақанмен ұрып, қызметтік бейнежетонын жұлып алған және погонын зақымдаған.
Мемлекеттік айыптаушы сотталушының кінәсін дәлелдейтін жеткілікті айғақтар ұсынды.
«Нәтижесінде, қызметтік міндеттерін атқару үстіндегі қызметкерге шабуыл жасағаны үшін сот кінәліге 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Сондай-ақ, сотталған азамат мәжбүрлі еңбекке тартылып, мемлекетке келтірілген материалдық шығын толық көлемде өндірілді», – делінген прокуратура хабарламасында.
Жетісу облысының прокуратурасы құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне қатысты кез келген заңсыз әрекеттер қатаң жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді.
Үкім заңды күшіне енді.